Осыдан 4 жыл бұрын тәліптер америкалық әскерді Ауғанстаннан қуып шыққаны белгілі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
The Wall Street Journal газетінің хабарлауынша, қазір сол "Талибан" Құрама Штаттармен дипломатиялық және сауда байланыстарын жандандыру, тіпті қауіпсіздік саласында ынтымақтасу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Бірақ президент Дональд Трампта Кабулге қояр бір шарт бар: ол – АҚШ контингентін Баграм әуе базасына қайтару.
Өткен аптада Трамп бұл мәселені бірнеше рет көтерді. CNN телекомпаниясының дерегінше, Құрама Штаттар лидері өзінің ұлттық қауіпсіздік командасының алдында Америка жауынгерлерін Баграмға тағы да шоғырландыру проблемасын кейінгі айларда талай рет көтерген.
"Біз базаны қайтаруға әрекеттеніп жатырмыз, бірақ оларға біредеңе қажет", – деді Трамп өткен аптада Лондонда журналистердің сұрағына жауап беріп тұрып.
Содан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында Трамп "Егер америкалықтар Баграмды алмаса, ЖАМАН БІРДЕҢЕ БОЛАДЫ" деген жазба қалдырды.
Дегенмен, "Талибан" бұл идеяға риза емес.
"Америка Құрама Штаттары "Талибанды" мойындап, бүкіл Ауғанстанды қалпына келтіруге уәде етсе де, олардың әскеріне бір пұшпақ жер бермейміз", – деді Ауғанстан сыртқы істер министрі Әмір Хан Мұттақи TOLOnews агенттігіне берген сұқбатында.
"Рейтердің" хабарлауынша, "Талибан" америкалықтарға Баграмды қайта ашса да, АҚШ Ауғанстанға қайта басып кіргендей көрінер еді. Әскери дереккөздердің мәліметіне жүгінсек, аталған авиабазаны жөндеуге, пайдалануға, қорғауға ондаған мың жауынгер қажет болады. Ал сол сарбаздарды керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін ұзақ, күрделі әрі қымбат логистикалық шешім керек екен.
"Баграм маған Ауғанстан үшін емес, Қытай үшін ұнады", – деді Трамп 2024 жылы шілдеде жасаған мәлімдемесінде. Бұл идеяны оның санасына Майк Уолц сіңірген тәрізді.
Айта кетсек, Уолц 2025 жылдың қаңтарынан мамырына дейін президенттің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі болып қызмет етті. Америка контингенті Ауғанстаннан кетіп жатқанда сол кездегі флоридалық конгрессмен Уолц көпшілік алдында мәлімдеме жасап, Баграмнан бас тартуды қателік деп атағаны бар.
"Қытаймен шекаралас елде енді америкалық аэродром болмайды. Баграмда қалсақ, ұйғырларды Бейжіңге қарсы көтеріп, Тынық мұхиттағы келешек соғыста Қытайға екінші майдан ашамыз деп сес көрсетер едік", – деді сол сөзінде Уолц.
Америка әскерін шығаруды қолдамағандарда тағы бір аргумент бар. Мысалы, өкілдер палатасының мүшесі Адам Кинзингердің ойынша, Ауғанстанның минералдық ресурстары тым құнды, сондықтан бұл елден шыққан дұрыс болмады.
Айта кетсек, бұрынғы жауларды досқа айналдыру кемшілік емес. 1995 жылы, яғни, коммунистер АҚШ-ты Вьетнамнан ығыстырғаннан кейін 20 жыл өткенде, Американың дипломаттары мен бизнес өкілдері Вьетнамға қайта оралды.
Ал биылғы жылдың басында Трамп әкімшілігі Сириямен толық дипломатиялық және экономикалық байланыстарды қалпына келтіру процесін бастады. Бірақ достық қатынастар шетелге әскер шоғырландыруы білдірмейді. Тәліптердің қазір Вашингтонға ескертіп отырғаны осы.