Түркі елдерінің президенттері қорғанысты нығайтуға мүдделі

324

"Басымыздан өтіп жатқан түрлі сынақта – демеуміз"

Түркі елдерінің президенттері қорғанысты нығайтуға мүдделі Фото: Ақорда

Түркі елдерінің президенттері қорғанысты нығайтуға мүдделі. Қауіп қатер аяқ астынан. Сондықтан бірігу маңызды, десті. Қандай жағдай болса да ортақ ұстаным, Даму банкі, тіпті ортақ әліпбиіміз болса деген ниетте. 

Бұл саммит негізі Түркістанда өтуі керек еді. Бірақ Тоқаев мәртебелі  меймандарын ақыры Ақордада қонақ қылды. 

Бұрынғы басқосу ой бөлісу, ілтипат білдіру сипатында өтетін. Кейінгі кездері нақты бастамалар мен ортақ шешімге негізделіп жүр. Бұл жолы да солай. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан елінің президенттері ұсыныстарын ортаға тастады. Бақылаушы Түркіменстан мен Мажарстан елінің басшылығы да құралақан емес. Бәрі әсіресе Әзербайжан үшін дән риза. Ел іргесін бекемдеді. Тарихи әділеттілік орнады. 28 жылдан кейін Қарабақ аумағын Армениядан қайтарып алды. Жиналғандар бір ауыздан Ильхам Әлиевті құттықтады. Ал Әзербайжан басшысы әлемдегі жағдайды баяндап, қорғанысты бірге нығайтауға шақырды. 

"Өкінішке қарай, қазір халықаралық құқық нормалары бұзылды. Әлемнің түкпір-түкпірінде қарулы қақтығыстар, қантөгістер мен соғыстар жүріп жатыр. Осы орайда әр елдің қорғаныс мүмкіндігі оның қауіпсіздігінің негізгі кепілі саналады. Сондықтан менің ойымша, ұйымға мүше мемлекеттер бірге қорғаныс, қауіпсіздікті сақтау, өнеркәсіп аясындағы ынтымақтасты нығайта түсуі тиіс", - деді  Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев.

Түркі мемлекеттері қашанда бірліктерін танытып келеді. Онсыз әлемдегі бейбітшілік баянды болмас еді. Осылай деген Мажарстан премьер-министрі Еуропа елдерінің қазіргі әрекетін сөкті. 

"Қазір Еуропа Украинаға қару береді, соғыс жалғасып жатыр. "Украина жеңеді, Ресей жеңіледі" деген жоспар болған. Бірақ ол орындалмады. Еуропа саясаткерлері қазір мынадай мәселелерге тап болды. "Бізде Б жоспары бар ма?" деген. Кейбір елдер осы саясатты жалғастырайық дейді. Басқалары екі тарап ортақ мәмілеге келсе дейді. Біз де бейбітшілікті қалаймыз", - дейді Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбан. 

"Бірлік біздің күшіміз" деді Ердоған. "Басымыздан өтіп жатқан түрлі сынақта - демеуміз. Сондықтан Түркіменстанның бізбен бірге, ұйымның толыққанды мүшесі болғанын қалаймыз", деді. Түркі әлемін дамыту ортақ міндет екенін еске салды. 

"Біз сауда мен көлік байланыстарына кедергі келтіретін олқылықтарды азайтуымыз қажет. Яғни, виза процестерін жеңілдетіп, кедендік кедергілерді шешуіміз маңызды. Әрине, біздің бірлігіміз үшін тіл мен ортақ әліпби өте маңызды. Бұл жерде президенттердің де қолдауы өте қажет", - деді Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған. 

Ортақ әліпбиден бөлек, Өзбекстан президенті ортақ Даму банкіміз болса деген ниетте. Палестина жағдайы бойынша ортақ ұстаным да артық болмайды. Бұл ретте Шавкат Мирзиеев Тоқаевтың сөзін құптап, дұрысы Біріккен ұлттар ұйымының қарарын орындау маңызды, деді. 

"Түркі кезеңі талқыланып жатқан бүгінгі саммитте мен бірқатар ұсыныс айтқым келеді. Ауқымды инвестициялық жобаны іске асыру үшін Түркі даму банкін қалыптастыру қажет. Бұл ретте толықтай түркі мемлекеттерінің сауда-саттықты зерттеу ұйымының ұстанымын қолдаймыз. Олар экспорт, импорттың көлемін арттыру мен электронды сауданың кедергілерін алып тастайды", - деді Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев. 

Ал Қырғызстан президенті бірігіп цифрлық саланы дамытуды ұсынды. Садыр Жапаров бұл үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деген пікірде. 

"Біз цифрлық даму саласындағы ынтымақтастығымызды дамытуымыз қажет. Қырғызстанда креативті өндірістік парк құрылды. Барлық бизнес өкіліне, жасампаз жастарға керемет мүмкіндіктер жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз 2024 жылы цифрлық форумды ұйымдастыруымыз қажет", - дейді Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.

 Келесі жылы форум ғана емес, Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті де Қырғызстанда өтеді. Ел басшылары бүгін қабылданған шешімдер мен ұсыныстар келесі жылға дейін жемісін береді деген үмітпен тарқасты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу