Түркістан облысында барлық мемлекеттік қолдау шараларын және мемлекеттік қызмет түрлерін орталықтандырылған түрде көрсету мақсатында "Бизнеске арналған Үкімет" бірыңғай сервисі іске қосылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына оң серпін беретін бұл сервисті пайдалану арқылы әрбір кәсіпкер өз бизнесін дамыту, құзыреттер мен қаржыландыруды арттыру мәселелері бойынша кең ауқымды қызметтер мен консультациялар алады. Кәсіпке байланысты түрлі қиындықтар туындаған жағдайда кәсіп иелері қайда жүгіну керектігін анық білетін болады.
"Бизнеске арналған Үкімет" сервисі қаржыландыру, өткізу, мемлекеттік қызметтер, құқықтық сүйемелдеу және құзыреттер сияқты негізгі бағыттар бойынша жұмыс істейді.
"Қаржыландыру" аймағында кәсіпкерлерге "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры", "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры", "Оңтүстік" аймақтық инвестициялық орталығы және "Ырыс" микроқаржылық ұйымының қызметтері мен кеңестерін алып, екінші деңгейлі банктер мен "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ қызметтерін пайдалануға жағдай жасау жоспарланған.
Бірыңғай сервис пайдалану арқылы кәсіпкерлер жер қатынастары, қаланың сәулет және қала құрылысы, МСҚБ ұсынған мемлекеттік қызметтерді ала алады.
Сондай-ақ, кәсіп иелеріне рұқсат беру құжаттары мен техникалық шарттарды алу мәселелері бойынша "Түркістан" Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметкерлері қызмет көрсетіп, кеңес беретін болады. Кәсіпкер КҚКО-ға құжаттарды ресімдеуге өтінім берген кезде жеке кәсіпкерлікті, заңды тұлғаны тіркеуден бастап кәсіпорынды іске қосуға дейінгі рұқсат беру құжаттары бойынша қызметтер кешенін алады. Бұл жұмыстар әкімшілік кедергілерді айтарлықтай төмендетеді және кәсіпкерлердің уақытын үнемдеуге оң ықпалын тигізетін болады.