Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асты

Бүгінгі таңда, өңдеу өнеркәсібі саласында 10-нан аса жоба іске қосылып, 384 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 

Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асты Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына келетін болсақ, 2023 жылдың 10 айында оң өсім бар. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асты. Өнеркәсіптік өнім көлемі 2%-ға артып, 758 млрд теңгені құрады", – деді өңір басшысы.

Өсім негізінен сүт, тоқыма және электр жабдықтары өндірісінің есебінен орын алды.

Қазіргі таңда, облыс өнеркәсібінің негізін тау-кен, яғни, уран өндірісі құрайды. Бұл салаларда мыңдаған адам жұмыспен қамтылған. Сондықтан болар өңірде жұмыссыздық деңгейі төмен.

"ҚазАтомпром" ұлттық компаниясы Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 100 млрд теңге, 250 жаңа жұмыс орны құрылады. Жер учаскесі анықталып, компания тарапынан техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Сонымен қатар, облыстың өзіндік кірістерін көбейту үшін бірнеше маңызды жобаларды іске асырамыз деп жоспарлап отырмыз", – деп түсіндірді аймақ әкімі.

Нәтижесінде тағы мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады.

Атап айтқанда:

- Қазығұрт ауданында "Ocean Energy Company" ЖШС Өгем өзенінде Каскад ГЭС құрылысы (130 млрд теңге);

- Келес ауданында "Эко-Культура" АӨХ 51 га жылыжай кешенін салу (38 млрд теңге);

- Ордабасы ауданында "Standard Petroleum&Cо" ЖШС мұнай өнімдерін өңдеу зауыты (130 млрд теңге);

- Отырар ауданында "ARM WIND" ЖШС 50 МВт күн электр станциясының құрылысы (12,5 млрд теңге);

- Түлкібас ауданында "Састөбе химиялық кешені" ЖШС каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк цемент өндіру зауыты (160 млрд теңге);

- Түлкібас ауданында "Саутс ойл" ЖШС қуаты 320 МВт газ электр станциясының құрылысы (119 млрд теңге);

- Сауран ауданында "HEVEL Kazakhstan" ЖШС 20 МВт күн электр станциясының құрылысы (9,4 млрд теңге);

- Созақ ауданында "Созақ Фосфат" ЖШС фосфорит кендерін өңдеу зауыты (130 млрд теңге);

- Сайрам ауданында "ПГУ Түркістан" ЖШС генерациялаудың маневрлік режимімен қуаты 926,5 МВт бу-газ қондырғысын салу (722,7 млрд теңге).

"Жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту болжамдануда. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, нәтижесінде 594 жұмыс орны іске қосылады. Бүгінгі таңда, 10 жоба іске қосылып, 384 адам тұрақты еңбекпен қамтылды", – деп толықтырды өңір басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу