Түркістан: 5 адамның өліміне күдікті қамауға алынды

1647

Құзырлы органдағылардың мәліметінше, күдіктілердің саны артуы да мүмкін. 

Түркістан: 5 адамның өліміне күдікті қамауға алынды

Түркістан қаласында жер үйлердің бірінде болған қайғылы оқиғаға қатысты жаңа деректер айтылды. Айта кетейік, бұған дейін төтеншеліктер бір отбасының 5 мүшесі иіс тиіп қайтыс болды деген болжам айтқан. Үйдегі газ құрылғысын орнату кезінде қызмет көрсеткен мекеме директоры әзірге басты күдікті болып отыр. 

"Түркістан облысы Тергеу басқармасымен аталған жайтқа байланысты ҚК-нің 306-бабы "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету" бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде. Бүгінгі таңда бұл қылмысты жасады деген күдіктілердің бірі Түркістан қаласының тұрғыны ұсталды. Ол газ орнату фирмаларының бірінде директор. Тиянақты жүргізілген тергеу жұмыстарының аясында оның іске қатысы бар екені дәлелденді. Біз күдіктілер санының артуын жоққа шығармаймыз. Сондықтан тергеу жалғасады.", - деді облыстық  Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Нұрмахан Жалғасов. 

Естеріңізге салсақ, ақпанның 27 күні Түркістан қаласында жер үйлердің бірінен 5 адамның  мәйіті табылды. Көз жұмғандар бір үйдің төрт баласы мен анасы. Оқыс оқиға орын алған кезде отағасы Шымкент қаласында ауруханада жатқан екен. 
Мәйіттерді бірінші болып отбасының көршісі анықтаған. Оқиға орын алған күннің ертеңіне облыстық ТЖД бастығы марқұмдардың 27 ақпан емес, 26-сы күні кешкі сағат 7-8-дер шамасында жан тәсілім етуі мүмкін деген болжамын айтты. Оқиға орнынан ирандық пеш анықталды. Газ саласының мамандары үйді жылытатын құрылғыны орнатарда тиісті талаптардың дөрекі бұзлғанын мәлімдеді.   
Бұл қайғылы жағдай бойынша облыс әкімдігі тарапынан арнайы комиссия құрылды. 

Марқұмдар 28 ақпан күні туған жері Жаңақорған ауданында жерленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу