Ұлтымыздың отбасылық құндылықтары

502

 Inbusiness.kz сайты назарларыңызға ұлтымыздың отбасылық құндылықтары туралы ақпаратты ұсынады.

Ұлтымыздың отбасылық құндылықтары Фото: zhanaqorgan-tynysy.kz

"Отбасы – бақыт-байлықтың ұйытқысы", "отбасы жоқ адам басқа да, малға да жарымайды", "үйі жоқтың – күйі жоқ", "бас құралмай – мал құралмайды", "жақсы отбасының күні де мереке, түні де мереке", "өнегелі отбасының баласы өркөкіректік істемейді" деп қарайтын қазақ халқы, бас құрап, өз алдына шаңырақ көтеріп, үлгі-өнегелі отбасы құрып, артына өнер-білімді ұрпақ қалдыруды өте игілікті іс санаған.

 Сондай-ақ "би болмасаң би болма, би түсетін үй бол" деп, ел-жұртқа сыйлы, қонақтарға жайлы отбасы құрып, ұл-қыздарын адамгершілікті ардақтап, ертерек бас құрап, ұлағатты ұл, тəрбиелі қыз өсіруге жетелеп отырған.

Бұл көзқарас ұрпақтарды жанұяны ардақтап, тату-тəтті, үлгі-өнегелі отбасы құруға баулиды. Адамдарды адалдыққа, ақкөңілділікке, ізгілікке жетелеп, қоғам алдындағы жауапкершілік жəне борыштылық сезімін күшейтеді

Туыстық қарым-қатынас тəрбиесі

Қазақ халқы "отбасына мейірлі, туыс-туғандарына жанашыр адам – ең ізгі ниетті адам", "жыласуға жақын жақсы, сыйласуға жат жақсы" деп, қиын-қыстау кездерде бір-біріне сүйеу болып, қайғы-қасіретті бөлісіп көтерісер, қуанышыңа ортақтасып, мерейіңді тасытар туыстықты өте жоғары бағалап, мал-дүние, атақ-даңқ үшін туыс болып, пайдасы, жақсылығы тимейтіндей болса, туыстықтан қашып, ат бойларын аулаққа салып, тіпті, туыстық қатынасын үзіп, туыстықтан безген, торқалы той, топырақты өлімде бір жерден табылмаған туыстарды адамгершіліктен шыққан арсыз, ұятсыз, деп қарайды.

Бұл тəрбиеде əр отбасы "туыстық жақындық отбасынан басталады" деп, барлық жағдайда жақсылық жасап, қайыр-мейір бағыштауды өз отбасынан бастауды, одан асып жатса, жақын туыстарына, ел-жұрт, ауыл-аймағына бағыштаудай алыс-беріс, барыс- келістің жөн-жосығын үйретеді.

Ұрпақтарын аға-бауыр, əпке-қарындас, туыс-туғандарымен етене араласып, бір-біріне мейір-шапағатты, тату-тəтті туыстық қарым-қатынас орнатып, күллі адам баласын өз туысындай сүюді қаршадайларынан құлақтарына құйып, көкіректеріне ұялатуға күш салады. Туыстар арасында ұрыс-керіс тудырып, бір-біріне қол жəне тіл тигізіп, кек сақтап, туыстық байланысты үзуді тасбауырлық, пасықтық деп қараса, туыстар арасында сенікі, менікі деп есептескенді, қиянатты, обырлықты, аңдысып, арбасқанды, жақын туыстары қаралы, көңілі жаралы болып отырған кезде той жасап, сауық құрып мəре-сəре болуды ұятсыздық, көргенсіздік деп есептейді.

Қазақ халқы кісілік қарым-қатынаста атақ-даңқ пен шен-шекпенге емес, адамгершілік пен жол-жүйеге бой ұратындықтан, қоғамдық қарым-қатынаста, əсіресе, туыстар арасындағы қарым-қатынаста, ең алдымен, ата-анаға, одан соң үлкендерге жол беріп, сый-құрмет көрсетеді. Алайда, "алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал барып сəлем беріпті" деп, алыстан келген адамның жолы үлкен болады. Əдетте, жасы кіші адамдар, балалар ата-аналары мен ақсақалдары отырған ортада қанша білгір, данышпан, қандай мансапты, бай болсада əдептен озып, сөзге қыстырылмайды. Тек үлкендердің рұқсатымен тілегі бойынша ғана əңгімеге араласуына болады. "Ата тұрып ұл сөйлегеннен, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без" деп, ата-ана мен ақсақалдар алдында білерменсіген, шен-шекпенін бұлдаған адамды "тəрбиесіз, тексіз, көргенсіз" деп қатты жек көреді. Тіпті, ата-ана тілін алмаған, білгенін істеген ұрпақты "азғын, бұзық" деп қараған.

Қазақ салтында əдетте, отбасын əке, одан кейін шеше басқарады. Ал əке өлсе, отбасын басқаруға шеше жауапты болады. Егер əке-шеше бірдей қайтыс болса, онда қалған бала-шағаға үлкен жағынан бас-көз болу жауапкерлігі əкелерінің аға-інілері мен үлкен-кіші шешелеріне түседі де, нақты істер мен күнделікті отбасын басқару үлкен ұлға немесе үлкен қызға, олар болмаса, одан кейінгілерге жүктеліп отырады.

Қалыптасқан дəстүр бойынша, ауылдағы келелі істер ауыл ақсақалдары мен билердің жəне үлкен кісілердің ақыл-кеңесі мен ризалығы бойынша істеледі. Əркімнің өз білгенінше кетуіне жол қойылмайды. Ынтымақ пен береке-бірлікке зиянды істер қатаң шектеледі. Ешқашан ақсақалдардың, билердің, үлкендердің ақыл-кеңесін бұзып, сөзін тойтарып, десін қайтармайды, яғни, ата-ана тілін алмаған, білікті кісілердің сөзіне құлақ салмаған адамды "басбұзар, бұзық, ақылсыз" деп, ауыл-аймақ болып қатты жек көреді. Сондықтан да əр отбасы өз перзенттеріне қаршадайларынан туыстық қарым-қатынас жолдарын егжей-тегжейлі ұғындырып, ата-балалық, үлкен-кішілік парықты білмейтін əдепсіз, тəртіпсіз, көргенсіз ұрпақ атанудан аулақ болуға баулып отырған.

Ата-əжелер мен бала жəне немере-шөберелер қарым-қатынасы

Қазақ салтында ата болған кісілерге өз отбасында да, өзге жерлерде де "ақсақал" деп, төрдің төбесінен орын береді. Оның алдын кесіп өтуге, сөзін бұзуға, айтқанынан бас тартуға болмайды. Оның айтқаны – бала-шағалары мен немере-шөберелеріне, тіпті, бүкіл ауыл үшін хатқа жазылмаған заң. Оны орындау – ұрпақтарға парыз. Себебі, аталар отбасы мен ауылы, тіпті, бір тайпа елдің ұйтқысы, ақылшысы, батагөйі, сондықтан атаны құрметтеу, қадірлеу – оның балалары мен немере-шөберелеріне, бүкіл ауыл адамдарына мін дет. Тіпті, ақсақалды қариялары бар елге келген қонақтар оларға сəлем беріп, баталарын алуды өздерінің азаматтық борыштары санаған.

Əжелер – отбасы мен ауыл-аймағының, ел-жұртының бай-бақытты, тату-тəтті, қам-қайғысыз өтуін тілейтін тілеуқоры, елінің бүтіндігін, халқының амандығын аңсайтын қормал анасы; ана тілі мен халықтық салт-дəстүрдің қаймағын бұзбай сақтап, ұлағатты ұлдары мен көргенді қыздарына үлгі-өнеге көрсететін ұлттық салт-дəстүр мен өнегенің асыл қоймасы.

Əжелерге ұлы мен келіні, немерелері мен шөберелері, тіпті, бүкіл ауылдағы үлкен-кіші құрмет көрсетіп, айтқанын екі етпей орындау шарт. Бұлда жазылмаған заң. Қазақ салтында, ата-анаға қарсы шығу Жаратушыға қарсы шыққанмен бірдей ауыр күнә есептеледі.

Ата-ана мен балалар қарым-қатынасы

Қазақ халқы ата-ана ұрпақтың жаратушысы, жарық дүниеге əкелушісі, сондай-ақ, перзенттердің жақсы-жаман болуының обал-сауабын көтеруші жауапкері деп қарайды. "Баласы бұзықтың ата-анасы түзік болмайды" деп есептейді. Сондықтан да əрбір ата-ананың перзенттерін шыр етіп жерге түскеннен бастап жақсы бағып-қағып, сау денелі, ізгі ниетті, адал, адамгершілікті етіп жақсы тəрбиелеп, жастай оқытып, өнер-білім үйретіп, есейген соң, өз сүйгендерімен үйлендіріп қою – ата-аналық жəне адамдық парызы есептеледі.

Бала – ата-ананың ізбасары, адамзат қоғамының жалғастырушысы. Сондықтан, бала ата-ана алдында мəңгі шəкірт, мəңгі қолғанат. Сол себепті, əрбір ұрпақтың ес біліп, етек жиғаннан бастап, ата-анасы көз жұмғанша олардың айтқанын екі етпей орындап, тапсырғанын қалт жібермей атқарып, қартайғанда қабақ шытпай бағып-қағып, күтіп ризалығын алу – бас тартуға болмайтын перзенттік борышы, яғни, ата-ана мен баланың байланысы – тəрбиелеу мен тəр биеленудің, бағып-қағу мен бағылып-қағылудың, басқару мен бойсұнудың, бұ йыру мен атқарудың, айту мен орындаудың қатынасы. Сондықтан, бала ата-ананың барлық қызметіне əзір тұруы, айтқанын екі етпей орындауы, ата-анасы қартайғанда зекімей, ренжімей, қабақ шытпай бағып-қағуға жауапты болуы шарт.

Қазақ ұғымында ата-ананы ренжіту, қабақ шыту, тіл жəне қол тигізу, айтқанына көнбеу – бұзақылық, аз ғындық, тіпті, кешірілмес ауыр қылмыс саналады.

Аға-іні, апа-сіңлілер қарым-қатынасы

Аға-іні, апа-сіңлілер қарым-қатынасы – тонның ішкі бауындай ерекше тығыз, ащы-тұщыны тең татып, бір-бірінің жақсылығына сүйініп, жамандығына күйінетін, тірісінде сыйласып, өлісінде жыласатын, кішілері үлкендерін қадірлеп, құрметтеп, ақырын-қатты айтқанның бə рін көтеретін, үлкендері кішілеріне ақыл-кеңес беріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, өзара алып-бермесе де, барып-келмесе де береке-бірлік жасап, мəңгі қол үзіспейтін қатынас.

Туыстық қарым-қатынас салтында аға мен əпке (апа) – өздерінен кейінгі іні, сіңлілеріне ата-анадан кейінгі басшы əрі ұстаз. Қиналғанда, шаршап-шалдыққанда сүйеу болатын, қисайғанда басын сүйейтін бас қалқа. Ал, іні-қарындастар болса – аға-əпкелерінің ізбасарлары, қолғанаттары, шаршап-шалдыққанда қол артар сүйеніштері, сондай-ақ, қуанышты, көңілді сəттерде құшақтап, мойындарына асылатын тыныс-тіректері.

"Ағасы бардың – жағасы бар, інісі бардың – тынысы бар" деп білген аға-əпке, іні-қарындастар бір-біріне тыныс, сүйеніш, тірек болып, адамдық өмірді тату-тəтті, мəн-мағыналы өткізеді.

Қазақтың туыстық қарым-қатынас салтында бір үйдің үлкені (үлкен баласы) ата-анадан кейінгі ұйтқысы саналады да, ол ата-анасы болмаған жағдайда отбасына ие болып, барлық жұмысты басқаруға жауапты болады. Іні-қарындастары оған шартсыз бойсұнып, ақыл-кеңесі бойынша істейді. Үлкендерін сыйлап, айтқан сөзінен шықпайды. Аға-əпкелер де іні-қарындастарына орынсыз қожаңдамайды, қайта оларды аялап, əлпештеп, қолдарына түскен ең жақсы, ең бағалы нəрселерін сыйлап, ағалық қамқорлық, жанашырлық көмек көрсетіп отыруды іні-қарындастары алдында өтеуге тиісті аға-əпкелік парыздары санайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу