Үкімет басшысы Олжас Бектенов бүгінгі күннің ең өзекті мәселесін атады

225

Өңірлерде былтыр 5 млн тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналған. 

Үкімет басшысы Олжас Бектенов бүгінгі күннің ең өзекті мәселесін атады Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі шешімін таппағанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қалдықтардың жинақталып қалуы бүгінгі күннің ең өзекті проблемасының біріне айналып отыр. Ғылыми зерттеулер бұл мәселеге жете көңіл бөлмеудің салдары экологиялық ахуалға,  сондай-ақ халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер ететінін көрсетті. Қалдықтарды басқару жүйесін дамыту үшін былтыр елімізде арнайы жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілген болатын. Бүгінде 94 жобадан тұратын пул жасақталды. Алайда, оларды іске асыру барысы мүлдем мардымсыз", - деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің айтуынша, 67 жоба қаралған. Соның 6-ы ғана 4 млрд теңге сомасында қаражатпен қамтамасыз етілген.

"Бұл жобаларды дайындау барысында  әкімдіктердің тарапынан  үйлестіру шараларының жеткіліксіз екенін білдіреді. Жобаларды іске асыру, жабдықтарды жаңарту, жаңа технологияларды енгізу бойынша барынша белсенді жұмыс жүргізу керек. Өңірлерде өткен жылы 5 млн тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналған. Оның шамамен 26%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылды. Мұның өзіне қағаз және пластик қалдықтарды өңдеу арқылы қол жеткізіліп отыр", - деді Премьер-министр.

Барлық нормативтік база қабылданды. Соған қарамастан, коммуналдық және басқа да қалдықтарды өртеу жобаларын іске асыру созылып кетті, деді Олжас Бектенов.

"Өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі де шешімін таппай келеді. Жыл сайын отандық кәсіпорындарда 1 млрд тоннаға жуық қалдық жинақталып қалады. Оларды қайта өңдеу көлемі шамалы, небәрі 11%-ды құрайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70-80%-ға жетеді. Сонымен қатар кен орындарындағы үйінділердің құрамында бағалы және сирек кездесетін металл қоспалары бар. Оларды алу үшін тиімді жаңа технологияларды қолдану қажет. Энергетика кәсіпорындарының күл үйінділері де көбейіп барады. Барлық қалдықтарды тиімді басқарудың айқын жүйесін жасап, оны цифрландыру қажет", - деді ол.

Айта кету керек, осыған дейін коммуналдық қалдықтардың төрттен бірі ғана қайта өңделетінін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу