Үкімет пен бизнес бас біріктіру керек – сарапшы

459

  Сол кезде ғана ел экономикасының тасы өрге домалайды.

Үкімет пен бизнес бас біріктіру керек – сарапшы Фото: Ашық дереккөзден

Алматыда өткен "Сана бизнес форумына" жиналған сарапшылар осылай дейді. Қаржыгерлер мен экономистердің бас қосуында одан өзге шағын және орта бизнестегі сын-қатерлер тақырыбы да қаузалды.

Тұңғыш рет бастан аяқ қазақ тілінде өткен форумға білікті 300-ге жуық қаржыгер, экономистер мен сарапшылар қатысты. Талқыланған негізгі тақырып – ел экономикасының ертеңі. Айтуларынша, қазіргі уақытта ЖІӨ төмендеп барады. Егер билік басындағылар қазірден бастап іске кіріспесе, халықтың жағдайы қиындай береді деген тоқтамға келді.

"Менің ойымша, жаңа экономикалық модель керек. Жаңа экономикалық модель ұлттық экономикаға негізделген болу керек. Ол біздің тарихымызға, тамырымызға негізделген болу керек. Жаңадан қабылданатын стратегия қазақтың менталитетіне, ұлттың ұлттық гендік ерекшелігіне, ұлттық жалпы рухани байлығына сәйкестендірілген экономика болу керек", деді экономист Мақсат Халық.

Қазіргі уақытта бір ғана жақсы жаңалық ол инфляцияның төмендегені, яғни 14 пайыз төңірегінде. Оның өзі, Ресей рублінің құнсыздануынан дейді сала мамандары. Қазақстан экономикасының ақсап тұрғаны өндіріс саласының жолға қойылмағандығынан дейді жиналғандар. Оған қоса, үкімет пен бизнес арасындағы байланыс алшақтап кеткен екен.

"Қазақстан өзі бір бөлек өмір сүріп жатырмыз. Үкімет бір бөлек, кәсіпкер бір бөлек өмір сүреді, ішіндегі қызметкер бір бөлек өмір сүреді, әйелі бір бөлек, баласы бір бөлек өмір сүреді. Осы форумнан басты көрген дүнием - адамдардың басын біріктіру. Бұл жерде политиктер, кәсіпкерлер болды. Яғни, басын біріктіру. Сонысына қатты көңілім толды", - деді кәсіпкер Бақтияр Өсербекұлы.

Айта кету керек, 50-ге білікті спикердің басын қосқан "Сана бизнес форумы" алғаш рет өтті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта форумды Үкімет, бизнес және ғылым арасында байланыс орната отырып, ел экономикасының даму мәселелері, сын-қатерлер және мүмкіндіктер талқыланатын алаңға айналдырмақшы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу