Үкімет Сенатқа нақтыланған республикалық бюджетті таныстырды

147

Республикалық бюджет ел экономикасының қазіргі жай-күйіне сәйкес келтірілген. 

Үкімет Сенатқа нақтыланған республикалық бюджетті таныстырды Фото: Үкімет

Сенатта Мәжіліс қабылдаған "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің сөзінше, тиісті заң жобасы бюджеттің бірқатар параметрлеріне байланысты әзірленген. 

"Республикалық бюджеттің кірістері салық түсімдерін 3,1 трлн теңгеге азайтуға және салықтық емес түсімдерді 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға байланысты 2 трлн теңгеге азайды. Экономиканың өсу қарқынын төмендету тәуекелдері жағдайында өңірлік өсу деңгейін ұстап тұру үшін, сондай-ақ, ағымдағы жылы республикалық бюджеттің шұғыл шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды", – деді ведомство басшысы.

Осыған байланысты  республикалық бюджеттің көрсеткіштері келесідей қалыптасты. 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр, деп жалғастырды ол.

"2024 жылға арналған кірістер трансферттерді есепке алмағанда 14,1 трлн теңгені құрайды. Биыл бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 2,7% деңгейінде болжануда. Бюджет шығыстары 24,1 трлн.теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштер кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді", – деді Мәди Такиев.

Министр республикалық бюджет кірістерінің 2024 жылға бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге дейін азайту мәселесі бойынша жеке тоқталды. 

"Салық түсімдерінің төмендеуіне келесі факторлар әсер етті. Біріншіден, "Тенгиз Шевройл" бойынша Болашақта кеңейту жобасын іске қосу мерзімі 2025 жылға ауыстыруға байланысты мұнай өндіру көлемінің 5,1 млн тоннаға төмендеуі. Бұл шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша түсімдердің 200 млрд теңгеге азаюына әкеп соқты. Екіншіден, 2023 жылғы 594 млрд теңге сомасында борышты қайтаруға байланысты қосымша құн салығын қайтарудың өсуі. Өткен жылмен салыстырғанда, біз бюджеттен қосымша құн салығын 2,5 есе артық қайтардық. Үшіншіден, республикалық бюджет түсімдерінің 216 млрд теңгеге төмендеуіне, үшінші елдердің импорт көлемінің 6,4%-ға азаюы әсер етті", – деп атап өтті ведомство басшысы.

Бұдан бөлек негізгі экспорттық тауарлардың әлемдік бағалары сияқты сыртқы факторлардың тұрақсыздығы республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне теріс әсер етті. Бұл үрдіс жыл бойы бірқатар металдар бойынша сақталып отырған көрінеді.

Мәди Такиевтің айтуынша, Ұлттық қордан 2 трлн теңгеге нысаналы трансферт тарту барлық шұғыл шығыстарды, оның ішінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу