"Үкіметтің жоспары қағаз күйінде қалды": Сенатор өнеркәсіп секторындағы жобалар туралы айтты

276

Жекелеген жобаларды қаржыландыру кезінде мемлекеттің қатысуы бірқатар сұрақ туғызады. 

"Үкіметтің жоспары қағаз күйінде қалды": Сенатор өнеркәсіп секторындағы жобалар туралы айтты Фото: senate.parlam.kz

Бұл туралы сенатор Сағындық Лұқпанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мәселен, Астана мен Маңғыстауда туризм саласы бойынша 2 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл қонақ үйлердің, сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, бизнес орталықтардың құрылысын қамтиды. Екі жобаның жалпы сомасы 331 млрд теңгені құрайды. Олар бойынша қаражаттың 40 пайызы инвесторлардың, қалған 60 пайызы, бұл шамамен 200 млрд теңге, Қазақстанның даму банкі арқылы жеңілдетілген қаржыландыру есебінен болмақ. Нақты сектордағы негізгі жобалар бойынша қаржыландыру мәселесі шешілмеген кезде осындай жобаларды Қазақстанның даму банкінің қаржысы есебінен іске асырудың қажеті қанша? Мәселен, "ҰИМТ" АЭА-да мұнай-газ химиясы жобаларын сәтті жүзеге асыруға Теңіз кен орнында газды сепарациялық қондырғының құрылысы қажет. Бұл жобаға қаржы құю мәселесі әлі де шешімін таппай келеді", - деді ол Сенатта өткен парламенттік тыңдауда. 

Сенатордың айтуынша, жеңілдетілген қарызды елдің экономикасына нақты септігін тигізетін өңдеуші өнеркәсіптегі жобаларға бағыттаған жөн.  

Депутат 2007 жылы "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" бағдарламасы бекітілгенін еске салды. 2010 жылы күшін жойған тиісті құжат экономиканы әртараптандыруға және жаңғыртуға бағытталған еді.

"Осы бағдарламаны іске асыру өңдеуші өндірістің екі есе ұлғаюына, сыртқы инвестициялар ағыны өндіруші салалардан қайта өңдейтін салаларға бағытталуына мүмкіндік береді деп жоспарланды. Соңында не көріп отырмыз? Үкіметтің жоспары қағаз күйінде қалды. Отандық өнеркәсіп секторында өсім болмады. Дағдарыс жағдайларына сілтеп, бағдарлама тыныш жабылды. Мемлекеттік жобаларды іске асыруға кеткен қаражаттың тиімді жұмсалуын ешкім де талдамады. Мемлекет басшысы атап өткендей, "өткеннің қателіктерін қайталамауымыз керек". Үкімет ештеңе істеп отырған жоқ деп айтқымыз келмейді", - деп түсіндірді Сағындық Лұқпанов.

Сенат депутаты өңдеуші өнеркәсіпті дамытуды жандандыруға белгілі бір оң нәтижелер бар екенін айтты. 

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстанның өңдеуші секторында 11 мың кәсіпорын жұмыс істейтінін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу