Украинада 6 қазақстандық жасырынып жүр

735

Қазақстан мен Украина арасындағы мәселе Минск конвенциясымен реттелген. 

Украинада 6 қазақстандық жасырынып жүр

Сенатта мәжіліс мақұлдаған "Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шартты ратификациялау туралы" заң қабылданды.

Естеріңізге салайық, бұл шарт былтыр Қазақстанда жасалған.

"Қазақстан мен Украина арасында қылмыстық қудалау саласында өзара сенім қалыптасқан. Соңғы 3 жылда Украина бізге 6 қылмыскерді ұстап берді. Қазір Украинада 6 адам жасырынып жүр. Оларды қолға түсіру және қайтару мәселесі қаралып жатыр. Қабылданған заң жобасы байланыстың буынын бекітіп, жоғары дәрежедегі қарым-қатынастың тамырын тереңдетеді және өзара ынтымақтастыққа серпін береді", – деді бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Оның пікірінше, екі ел арасындағы келісім қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін адамдарды ұстап беру мәселесін реттейді.

Шарт бойынша жасалған қылмыс үшін 2 елде де кемінде бір жылға бас бостандығынан айыру көзделген болса немесе сотталған адамның өтелмеген мерзімі 6 айдан көп болса ол ұсталады.

"Әрине, адамды беруден бас тарту негіздері де көзделген. Мысалы, бір тарапта қылмыс деп саналатын әрекет екінші жақта олай болмаса немесе қудалау мерзімі өтіп кетсе, сұралып отырған әрекет әскери қылмысқа жатса, ұстап беру егемендік пен ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса, сондай-ақ Қазақстанның заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелерге қайшы келсе басқа шара қолданылады. Қазақстан мен Украина арасындағы дәл осы мәселе Минск конвенциясымен реттелген. Аталмыш конвенция екіжақты шарт жасауға тыйым салмайды",– деді Марат Ахметжанов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу