Әдетте Үкіметке Смайыловтың орынбасарлары сосын бірен саран министрлер келетін. Бұл жолы тайлы тұяғы қалмай түгел жиналды. Қаз қатар тізіліп отырды. Бірақ оның бәрі баяндама жасады деген сөз емес. Бұл жолғы отырыста елдің экономикалық жағдайы сөз айтылды. Соңғы 2 айдың қорытындысы жарияланды. Жалпы, оң динамика бар көрінеді.
Әсіресе Абай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларындағы жағдай жақсы деп бағаланды.
2 ай ішінде бюджетке 3,4 трлн теңге түсті. Бұл жоспардың артығымен орындалғанын көрсетеді. Бірақ Ұлттық қор активтері азайды. Себебі алтын арзандап, әлемдік индекстердің төмендеуіне байланысты осындай жағдай қалыптасты деп түсіндіреді. Ол аздай көздеген 8 млрд теңгедей салық түспей қалған. Бұдан бөлек, берген ақшаны ұқсата алмай отырған министрлер де бар.
"Игерілмегені 101 млрд теңге. Ең көп игерілмеу сомасы Ішкi iстер, Қаржы, Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінде қалыптасты", деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Негізі бұл мәселе Үкімет басшысын алаңдатып қойды. Себебі күні кеше Тоқаев бюджеттің кірісі мен шығысын қатаң бақылауға алуды тапсырған. Мұның себебін сарапшылар "министрлер жоспар жасау білмейді" деп түсіндірді.
"Мысалы кейбір кезде мынандай жағдайлар кездесіп жатады. Бір министрлік алдыңғы жылғыны көшіріп, бағаларына индексация жасап 10-15 пайызға жоғарлатып, соны бере салады. Негізі игерілмеуінің себебі осы. Жалпы шығындарға қатысты мемлекеттік аудит жүргізу керек. Екінші проблема келісім жасау, тендр ойнату. Оған байланысты көптеген іс-шаралар жасалып жатыр. Реестр поставщиков деген бар. Соны дамыта беру керек. Бюрократияны азайту үшін цифрландыруға көбірек көңіл бөлу керек", дейді Экономист Оразбек Мырзақұл.
Негізі инфлация да Үкіметтің мазасын қашырып отыр. Былтыр уысында ұстай алмай, қымбатшылықтың көкесін көрген едік. Жыл бойғы жоспардың күл-талқаны шықты. Осы жолы инфлацияны құрықтаймыз. Ол үшін жан-жақты жоспар әзір. Сондықтан жыл соңында инфлацияны 9 пайызға дейін иілдіреміз,- деп бекініп отыр.
"Сыртқы және ішкі факторларды ескеріп экономиканы ұстап тұру маңызды. Осыған байланысты министрлер мен өңір әкімдері экономиканы әртараптандыруға және жұмыспен қамтуға басымдық беруі керек", дейді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.