Қаржылық мониторинг агенттігі "Үміт Самғау" қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Компания өз қызметін жалғызбасты аналарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсететін қайырымдылық жобасы түрінде жасырынған.
Азаматтарға салған қаражатының 300%-дан 800%-ға дейін табыс әкелетіні жөнінде уәде беріліп, әртүрлі "салым түрлері" ұсынылған.
Жоба шарттары бойынша – салым көлемі неғұрлым жоғары болса, табыс та соғұрлым көп болатыны айтылған.
Қатысушыларға төлемдер нақты кәсіпкерлік қызмет есебінен емес, жаңа салымшылардың қаражаты есебінен жүргізілген.
Қылмыстық схемаға ұйымдастырушының туыстары мен таныстары "дропперлер" ретінде тартылған, олардың атына тіркелген банктік карталары мен шоттарына салымшылардың ақшасы қабылданған.
Нәтижесінде қаржы пирамидасына 400-ден астам азамат тартылып, жиналған қаражаттың жалпы көлемі 100 млн теңгеден астқан.
Тергеу жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.