Алматы әкімі Бауыржан Байбек үнділік "Jaypee Group" конгломератты компаниясының басқарушы директоры Санни Гор мырзамен кездесті. Кездесу Қазақстан мен Индия арасындағы елшілік қарым-қатынастың 25 жылдығы қарсаңында өтті, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Санни Гор мырзаға Алатау ауданындағы индустриалды аймақ пен "Инновациялық технологиялар паркі" АЭА-тың әлеуеті көрсетілді, "Алматы-2020" бағдарламасын жүзеге асырудағы ынтымақтастық сөз болды.
"Бүгінгі күні Қазақстан бизнесті одан әрі дамытудың әлеуеті болып табылады, сондықтан ел нарығы бізді қызықтырады. Біз Астана мен Алматыда және өзге өңірлерде жұмыс істегенді қалаймыз. "Jaypee Group" компаниясы Үндіде 45 жыл бұрын қабырғасын қалаған болатын, ол құрылыс, энергетика, цемент шығару, қонақүй бизнесі, жүрдек магистральдерді салу, пайдалануға беру, білім, медициналық қызмет көрсету салаларымен айналысады. Біз Қазақстанда бірігіп жұмыс істеу үшін нақтылы жобаны анықтайтын боламыз", - деді Сани Гор.
Сани Гор Алматының медицина саласындағы потенциалы жоғары екендігін, осы сала бойынша бірігіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін айтты.
Қала әкімі Алматының "Jaypee Group" компаниясының құрылыс, туристік кластер, білім және медициналық туризм бойынша тәжірбесіне қызығатынын жеткізді.
2016 жылы Алматы қаласы мен Үнді арасындағы тауар айналымы 190 млн. АҚШ долларын құрады. Қалада бүгінгі күні 73 біріккен және 250 үнділік кәсіпорындар тіркелген.