"Қазақстан" РТРК" АҚ және "Хабар" агенттігі алда келе жатқан 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың ресми ақпараттық серіктестері атанды.
Атап айтқанда "Қазақстан" РТРК" АҚ құрамына кіретін "Kazsport" телеарнасы Универсиада-2017 бас хабар таратушысы, сондай-ақ, Универсиада Алау эстафетасының ресми хабар таратушысы болып отыр, деп хабарлады Универсиада-2017 ресми сайты.
Жарыстар кезінде 20 комментатор жұмыс жасамақ. Сондай-ақ, 2011 жылы VII Азия ойындарында трамплиннен секіруден "алтын" жеңіп алған Евгений Левкин де "Kazsport" телеарнасының комментаторлар орындығына отырады.
Жалпы алғанда, "Қазақстан" телерадиокорпорациясы эфирлік уақытының 260-тан астам сағатын Универсиадаға арнайды. "Қазақстан" және "Kazsport" телеарналарында жалпы эфирлік уақыты 220 сағаттан аса 140-қа тарта трансляция жасалады. 60 төл бағдарлама эфирге шығарылады деп жоспарланған.
Хабар телеарнасы биатлон, тау-шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары және шайбалы хоккей секілді бес спорт түрінен сайыстарды көрсететін болады. Телеарна жалпы алғанда 60-қа тарта трансляцияны жоспарлап отыр, олардың көпшілігі тікелей эфирде таратылады. Атап айтқанда, 29 қаңтар күні сағат 19:00-де "Алматы Арена" стадионынан ойындардың ашылу салтанаты көрсетіледі. Сондай-ақ, телеарна көрермендері ресми ашылудан бір күн бұрын 28 қаңтарда сағат 12:30-да Словакия мен Ұлыбританияның және де сағат 19:30-да Қазақстан мен Қытайдың шайбалы хоккейден ерлер командасы арасындағы ойындарды тамашалай алады.
"Хабар" Агенттігі және "Қазақстан РТРК" АҚ техникалық жабдықтауы әрбір қазақстандыққа 2017 жылғы Қысқы универсиаданы тамашалауға мүмкіндік береді. Спортшылардың жарыстарын, ашылу және жабылу салтанаттарын EUROSPORT және EUROSPORT2 телеарналары да тарататынын атап өткіміз келеді", – деп мәлімдеді "Алматыдағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция" МҚ аппарат басшысы Дидар Сағадиев.