2024 жыл Қазақстанның рекордтық астық жинауымен тарихта қалмақ. Таяуда Ауыл шаруашылығы жұмыскерлерінің тұңғыш форумында Президент жариялағандай, осы жылы соңғы 10 жылда болмаған көлемде – 26,7 миллион тонна дәнді дақыл орылды.
Бұрынғыша айтқанда, бұл – 1 миллиард 629,9 миллион пұтқа тең. Осынша астықты кезінде алпауыт держава Кеңес одағы әзер алатын.
Биыл елде бидайдың орташа шығымдылығы әр гектардан 16,1 центнерден айналды. Салыстырғанда, 2023 жылы орташа өнімділік 10 центнерден келген еді.
Бұдан бөлек 3,2 миллион тонна майлы дақыл (шығымдылығы 10,9 ц/га), 2,9 миллион тонна картоп, 3,9 миллион тонна көкөніс, 2,6 миллион тонна бақша өнімдері жиналды. Үкіметтің мәліметінше, мол астыққа аграршылардың ерен еңбегі сыртында, агротехнологияларды дұрыс қолдануы, сапалы тұқымдар, минералды тыңайтқыштар мен өсімдіктерді тиімді қорғау арқасында қол жеткізілді.
26,7 миллион тонна жаңа астыққа былтырғыдан қалған қалдық қосылғанда, республикада 30 миллион тоннаға жуық қор қалыптасуда. Дәнді дақылдардың кем дегенде 12 миллион тоннасын шетелге экспорттау міндеті қойылды.
Алайда ElDala аграрлық порталының бағалауынша, Қазақстан сонша өнімді экспорттай алмайды.
"Инфрақұрылымдық шектеулерді есепке алғанда, Қазақстан айына шамамен 0,9 миллион тонна немесе жылына 10 миллион тонна ғана дәнді дақылды шетелге шығара алады. Бұл – тек бидай ғана емес, дәнді дақылдардың барлық түрі. Ендеше азық-түлікке тұтынуды, өңдеуді, экспорттауды қоса алғанда еліміз қолында бар астатөк астығының тек жартысын ғана қажетке жарата алады. Сонда қалған қорын не істейді?", – деп сауал тастады портал.
Сарапшылар осы ұланғайыр ресурсты рәсуа етпей, ұтымды пайдалану үшін қазақстандық барлық ұн тартушы кәсіпорындарды жұмылдырып, жүктеу қажет деп санайды. Өйткені олардың үлкен бөлігі ресейлік арзандау бидайды тасып, соны тартумен ғана айналысады.
Мамандардың мәліметінше, отандық диірмендердің қазіргі қуаттылығының өзі ұн өндірісін 3 (!) есе арттыруға жетеді. Яғни, жылына қазіргідей 3 миллион емес, 9 миллион тоннаға дейін ұн шығара алады.
Сонда олар не шетелге сатылмай, не елде тұтынылмай, артылып қалғалы тұрған мол астықты ауыртпалыққа емес, артықшылыққа – дайын өнімге айналдыра алар еді. Бірақ олар солай жасағысы келмейді. Мұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Қазақстан ұн өткізетін жаһандық дәстүрлі нарықтарынан айрылуда. Оны олардан Ресей мен Өзбекстанның ұн тартушылары ысырып шығарып жатыр. Мысалы, 2017 жылы Қазақстан 6,3 млн тонна ұн экспорттапты. Бір ғана Ауғанстан бізден 2017 жылы 1 млн 545 тонна ұн сатып алған. Ол кезде Қазақстан жан басына шаққанда ұн өндірісі жөнінен әлемде №1 мемлекет саналатын.
Кейінгі екі жылда ұн экспорты 1,9-2 миллион тонна ғана болып жүр. Биыл одан да азайды. Ұлттық статбюро дерегінше, 2024 жылғы 8 айда елде 1,92 млн тонна ұн тартылған. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден (1,97 млн тонна) 2,5%-ға аз. Соның аясында экспорт та кеміді. 2024 жылғы қаңтар-тамызда ел әлемдік нарыққа 1,13 млн тонна ұн жеткізді. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзімдегіден (1,2 млн тонн) 5,8%-ға төмен.
Екіншіден, экспорт шектелген жағдайда ұн тартушы кәсіпорындар ұнды көп шығарса, оның бәрі ішкі нарықты шектен тыс молықтырады, нарық заңына байланысты өнім құны құлдырайды. Баға құламауы үшін де диірмендер толыққанды жүктелуге бармайтын көрінеді.
Үшіншіден, ұн тартушы кәсіпорындарды көбірек өнім өндіруге ынталандыру үшін мемлекет тарапынан қуатты қолдау қажет екен. Үкімет оларға субсидия бөледі, олар оны азсынады.
Қазақстанның Астық өңдеушілер одағының төрағасы Евгений Ганның мәліметінше, соңғы 25 жылда ұн тартушы кәсіпорындардың саны 10 еседей азайып кетті. Егер 2000 жылы олардың саны шамамен 2 300 болса, 2024 жылы небары 250-і қалған.
Е.Ган бұл цифрдың өзі отандық ұн өндірісі саласындағы алапат тоқырауды толыққанды көрсете алмайтынына назар аудартты. Бидай өңдеушілердің проблемаларына биліктің селсоқ қарауы және тегеурінді мемлекеттік қолдаудың болмауы саланы жарға жықты. Салдарынан санақта қалған 250 ұн тартушы компанияның небары 80-і ғана белсенді жұмыс істеп тұр.
Сарапшының айтуынша, диірмендер өзінде бар әлеуеттің шамамен үштен бірін немесе бар-жоғы 37%-ын пайдаланады.
Осы секторға шенеуніктердің мән бермеуінің мысалы ретінде Евгений Ган Үкіметтің "қазақстандық бидайды шетелдік нарықтарға жеткізудің көлік шығындарын бюджеттен өтеп, субсидиялау туралы" таяудағы шешімін алға тартты. Бұл шара әрине, отандық астықтың алыс нарықтарды игеруіне, оларда қарсыластарымен баға бойынша бәсекелесе алуына жол ашады.
Алайда сонымен бірге Үкімет ұқсас қолдау шарасын қазақстандық ұнға енгізуден бас тартқан. Яғни, жергілікті ұн алыс нарықтарға шыға алмай қалды. Салдарынан, онсыз да төмендеген ұн экспорты ары қарай құлдырай беруі мүмкін. Бұл ретте шикізатты, яғни, астықты сатқаннан оны елде өңдеп, ұн және басқа дайын өнім түрінде өткізуден елге әлдеқайда көп табыс түсетінін Үкімет ескермеді.
Ганның байламынша, мысалы, өзбек диірмендері қазақтың протеині жоғары, қатты астығын тартып, сапалы ұнмен халықаралық нарықтарды жаулауда. Оларға Өзбекстан Үкіметі қуатты қолдау көрсетеді. Қазақстан өз астығының тасымал шығынын бюджеттен өтеу арқылы өзбекстандық және басқа елдердің диірменшілерін қолдайды.
Осының арқасында олар сапалы қазақ астығын бұрынғыдан да арзанға алады, тиісінше, одан алатын ұнын да арзандатады, жаңа нарықтарға экспансия жасайды. Ол нарықтарға өзіндік құны қымбат қазақстандық ұнды жібермейді. Осылайша, Қазақстан Үкіметі, сарапшының пікірінше, осы шешімімен отандық ұн өндірісі саласында онсыз да қордаланған проблемаларды тіпті ушықтырып жіберді.
Шенеуніктердің қырсыз ісінің, сауатсыз шешімінің мультипликативтік кесірі мол көрінеді. Біріншіден, елде кейінгі жылдары ұн өндірісі азайып кеткендіктен, одан қалатын кебек көлемі де кеміген. Бұл шикізат мал бордақылаушы кешендерге залалын тигізді.
Екіншіден, ұн тартушылардың қазақстандық аграршылар өсірген астыққа сұранысы төмендеді. Шығындарын оңтайландырып, азайту үшін біраз диірменші компания арзандау ресейлік бидайға көшіп алды.
"Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты қызметкерлері бірнеше рет жеке әңгімеде ашық айтты: "Бізге ұн тартушыларды құрбан етуге тура келеді, өйткені астықшыларды, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдаңдар деп жатыр" дейді. Бұл бір ашынтатын жағдай. Өйткені агроөнеркәсіп кешені – көптеген саланы өзара кіріктірген жоғарғы құрылым. Бидай өңдеу – соның құрамдас бөлігі. Мына саласы маңызды, анаусы – ондай емес деп бөле-жару ақылға жат. Экономикаға нұқсан. Тек ұн тартушыларға ғана емес, бүкіл АӨК-ке залал келтіреді", – деді Евгений Ган.
Сондықтан оның айтуынша, астықты шетелге тасудың көлік шығынын субсидиялау орнына, өз өнімін отандық диірменшілерге өңдеуге тапсыратын фермерлерге субсидия беру керек. Бұл бір жағынан егіншілердің табысын арттырады, қолдау көрсетіледі. Екінші жағынан, ұн өндірісі арзан шикізатқа қол жеткізеді.
"KazFoodProducts" агрохолдингінің бас директоры Әлихан Талғатбек те бидайды терең өңдеуге тапсыруға субсидия енгізуді ұсынды. Бұл бастаманы ол Сенатта өткен, азық-түлік қауіпсіздігіне арналған парламенттік тыңдауда Үкімет мүшелеріне және депутаттарға жеткізді.
Сонда осының арқасында салаға қосымша инвестиция тартылады, өндірістің өрісі кеңейеді. Сондай-ақ төмен сападағы бидайды өткізу проблемасы да шешіледі.
"Бидайды терең өңдеу үшін кәсіпорындарға тапсыратын фермерлерді субсидиялауды ұсынамыз! Біздің есептеуімізше, бұл инвесторларды салаға белсендірек тартуға, сонымен қатар терең өңделетін бидай көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонда кем дегенде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл сондай-ақ күн тәртібінде күйіп тұрған мәселені шешуге – көп көлемде жинақталған төмен сападағы бидайды кәдеге жаратуға жол ашады", – деді Әлихан Талғатбек.
Сарапшы мұның ізгі үлгісі барын қаперге салды. 2020 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі жүгеріні терең өңдеуге беретін фермерлерге субсидиялауды енгізді. Сол арқылы небары 4 жыл ішінде терең өңделетін жүгерінің көлемін екі есеге арттырды. Сондай-ақ елде жүгері өсірушілер көбейіп шыға келді. Консервіленген отандық жүгеріні, одан жасалған пайдалы азық-түлік түрлерін, печеньелерді дүкендерден көптеп кездестіруге болады.
Қазақстанда жүгеріні терең өңдейтін бірнеше жаңа кәсіпорын ашылды. Соның нәтижесінде бүгінде еліміз түрлі сироптармен, крахмалдармен өзін 100% қамтамасыз етіп отыр. Бірнеше жыл бұрын оның бәрін шетелден импорттайтын.
Алайда әзірге ұн өндірісінің жанайқайына үкіметтегілердің құлағы "керең" болып қалуда.