Осылайша соңғы 2-3 жылдан бері маймақтар малшыларды үрейде ұстап отыр.
Өңірде Тянь-Шань қоңыр аюы "Тарбағатай" ұлттық паркі құрылғалы еселеп артқан. Салдарынан биыл шаруалар төрт-түлігін жайлауға бағудан қалыпты. Өйткені өрістен алыстаған сайын өріп жүрген жыртқыштар, ірі қараның талайын жарып жемтік қылған.
- Аюлар енді адамды жейді, содан кейін қиындау болады. Неғұрлым ату керек қой. Мылтық ұстатпайды. Мылтық ұстатса кішкене қорғанасың ғой әйтеуір. Ертең қазақ үйде отбасыңмен қырып кете ме, құдай білсін. Түнде кигіз үйдің жанынан дейін жемтік іздеп келеді. Биыл өзі 5 басымды жеп кетті, түгін қалдырмай-дейді бақташы Ербол Омбаев.
Бақты ауылының маңында мал бағып отырған қожалықтардың әрқайсысы жаз бойы 5-6 бас ірі қарадан айырылдық дейді. Малды қойып, кездескен адамдарды да жыртқыш қуған кездері болды дейді, жергілікті тұрғындар.
- Аю қоймайды. Біз тамыз айында қашып келіп алдық жайлаудан. Ағамды аю атымен қоса қаулаған. Әйтеуір аман-есен қалды. Ат үркіп қашыпты. Мұндай бұрын болмайтын еді. Қиын соңғы кезде. Малшылар не істерімізді білмей отырмыз-дейді Бақты ауылының тұрғыны Жеңіс Абылханов.
"Тарбағатай" ұлттық табиғи паркі 5 жыл бұрын құрылған. Ерекше қорғалатын аймақта заңға сәйкес жабайы аңды атуға болмайды. Тіпті оларды үркіту үшін де мылтық ұстауға тыйым салынған.
- Дегенмен де бір шара қолданбаса болмайды. Бұл қорық болғанан кейін оған не мылтық ұстай алмаймыз. Қазір енді малшы жоқ. Бәрі қашып кетіп жатыр. Ертең адам жесе ғана қозғала ма деп ойлаймыз. Үкімет тарапынан назар аударатын мәселеге айналды-дейді Бақты ауылының тұрғыны Рафхат Сұлтанмахмұтұлы.
"Тарбағатай" ұлттық табиғи паркі аумағында соңғы санақ бойынша қасқыр мен аю тез көбейгендігі байқалады. Қорықшылардың фототұзағына түсіп қалған маймақтардың саны 84 ке жеткен. Ал олардың нақты саны одан бірнеше есе көп көрінеді. Бірақ, қанша көбейсе де мамандар қызыл кітапқа енген аң заңмен қорғалғандықтан, жыртқыштың санан азайту үшін атуға ешкімнің құқығы жоқ деп отыр.
- Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа қатысты заңның 48-ші бабы бар. Аң аулауға тыйым салынған. Соған байланысты ол жағынан біз енді қолымыздан түк келмейді. Жоя алмаймыз. Малын қорғау үшін, иелері күзет қою керек. Қарау керек жайлыста жүрген малдарын-дейді "Тарбағатай" Ұлттық табиғи паркінің аңшы-биологы, Азамат Рақымбеков.
Тұрғындар жағдай одан бетер ушықпай тұрғанда, мәселені үкімет деңгейінде реттесе деп сұрайды. Өйткені, "малым жанымның садағасы"-деп әупіреңдеп әрең жүрген жұрт, бұлай жалғаса берсе, аю адамды жазым ете ме деп қорқады.