ТМД-ға қатысушы мемлекеттері әуе шабуылына қарсы қорғанысы біріккен жүйесінің бірлескен іс-шараларын өткізу жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында Ресей және Қырғызстан Қарулы Күштерімен өзара іс-қимыл жасауда "Ашық аспан-2016" жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
Оқу-жаттығу ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетовтің басшылығымен жүргізілді, делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Оқу-жаттығу барысында әуе нысаналарын шартты түрде жою, қағып түсіру, ілесіп жүру және анықтау мәселелері пысықталды. Бұл бірлескен оқу-жаттығуға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің атынан "Сарыарқа" (Қарағанды қаласы), Балқаш, Шымкент, Ақтау және Талдықорған әуеайлақтарынан ұшып шыққан Су-27, Миг-27, МиГ-29, МиГ-31, Су-25 және Л-39 авиациялары, сондай-ақ, толық құрамда Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күштері мен құралдары тартылды.
Құрамалар мен бөлімдердің басқару органдары, жауынгерлік есептоптары оқу-жаттығуға қойылған тапсырмаларды сәтті орындады және барлық межелер айқындалып, шартты түрде жойылды.