Василий Левит пен Əділбек Ниязымбетовке 34 млн теңгеден табысталды

986

Василий Левит пен Əділбек Ниязымбетовке 34 млн теңгеден табысталды

Бүгін Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы, Қазақстан бокс федерацияның президенті Тимур Құлыбаев Рио Олимпиадасының күміс жүлдегерлері Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетовке 34 млн теңге көлемінде Олимпиада ойындарының алтынға тең сыйақысын тапсырды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Бүгін мен өте бір тамаша рəсімді өткізейін деп отырмын. Жазда жанкүйерлер əр спортымыз үшін тақымдарын қысып, жанкүйер болды. Василий өте тамаша өнер көрсетіп, қазақстандықтар ғана емес, əлемдегі жанкүйерлер, халықаралық сарапшылар Василийдің Рио Олимпиадасында жеңгені анық деді. Бірақ, Василий ерге тəн мінез танытып, төрешілердің шешіміне дау айтқан жоқ. Қарсыласын сыйлады. Ал, Əділбек күш-жігер танытып, Олимпиада ойындарының екінші жүлдесін жеңіп алды. Бірақ, Қазақстан халқы оның жүлдесін жоғары бағалады. Сондықтан, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, бұл екі батырымызға чемпиондарға сай сыйақы тағайындалды. Себебі, сіздер біздің жас спортшылар үшін үлгі болатын азаматсыздар", – деді жүлдені тапсырған Құлыбаев.

Айта кетейік, екі боксшы бұған дейін 150 мың доллар көлемінде сыйақы алған болатын. Бүгінгі 100 мың долларын қосқанда, боксшылар Олимпиада алтынына тең 250 мың доллар көлемінде жүлде алып отыр. "Жеңісімізді алтынға теңеген Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлына, Василий екеуміздің еңбегімізді бағалаған Сізге шын көңілден рақмет айтамын", – деді Ниязымбетов. Əріптесінің сөзін жалғастырған Василий Левит: "Менің финалдағы ойынымнан кейін ең бірінші хабарласып, жоғары баға берген адамдардың бірі сіз (Тимур Құлыбаев - агенттік) едіңіз. Елбасы мен Ұлттық Олимпиада комитетінің бұл шешіміне қарап, Қазақстан Олимпиада рухындағы ел жəне спортта тек əділдікті жақсы көретін мемлекет екенін байқауға болады. Сондай-ақ, жанкүйерлеріме айтар алғысым шексіз. Менің əр жеңісімде жанкүйерлерімнің қолдауы бар", – деген ойын білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу