Вице-министр тау-кен металлургия саласындағы маңызды міндеттерді атады

854

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Әділбек Сәрсембаев тау-кен металлургия саласында қандай жұмыстарға басымдық беру керегін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Вице-министр тау-кен металлургия саласындағы маңызды міндеттерді атады

Вице-министрдің айтуынша, тау-кен металлургия кешені Қазақстан экономикасының локомотиві болып саналады.

"Оның үлесіне елдің жалпы ішкі өнімнің 8,2%-ы, ұлттық экспорттың 24%-ы тиесілі және мұнда 230 мың қазақстандық қажырлы еңбек етіп жатыр", – деді Әділбек Сәрсембаев елордада өтіп жатқан Astana Mining & Metallurgy 11-тау-кен металлургиялық конгресінде.

Сондай-ақ ол салада қандай жұмыстарға басымдық беру керегіне тоқталды. 

"Бүгінде біздің алдымызда отандық шикізатты тереңдетіп, қайта өңдеу, қосылған құны жоғары өнім шығару, экспортқа бағдарланған жоғары технологиялық тауарлар номенклатурасын кеңейту міндеті тұр", – деді вице-министр.

Әділбек Сәрсембаев металлургия өнеркәсібінде асыл тастар және түсті металдар өндірісі 3 995 млрд теңге деңгейіне жеткенін, бұл  2019 жылмен салыстырғанда 21%-ға артық екенін атап өтті. Қара металлургиядағы өндіріс көлемі 1 652 млрд теңге болған.

"Экономикалық әлеуеті жоғары шағын салаларды да дамыту да өзекті. Мысалы, бүгінде заманауи материалдар мен технологиялар өндірісінде пайдаланылатын сирек кездесетін металдарды өндіру қажет. Қазіргі таңда "Казцинк" ЖШС, "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС, "Үлбі металлургия зауыты" АҚ сияқты ірі компаниялар сирек металдарды өндіріп жатыр. Алайда оларды қосылған құны жоғары өнімдерді өндіру үшін металдарды қайта өңдеу керек", – деді министрдің орынбасары.

Вице-министр елде зергерлік өнеркәсіпті дамытудың әлеуеті зор екенін жеткізді.

"Зергерлік бұйымдарды өндірушілердің отандық және әлемдік брендтері үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Зергерлік істе бай ұлттық мәдениетті әлемдік трендтермен ұштастыру саланың дамуына серпін береді", – деді Әділбек Сәрсембаев. 

Оның пікірінше, көмір химиясын дамытуға да басымдық беру керек.

"Көмірді қайта өңдеу арқылы 300-ден аса түрлі өнімді алуға болады. Олардың құны көмірдің құнынан 20-25 есе жоғары, ал кокс зауыттарында алынған жанама өнімдер кокстың өзіндік құнынан жоғары", – деп түйіндеді сөзін басшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу