Себебі сол, жас та, жасамыс та құлтемірге деген қызметін "адалынан" атқарып жүр. Мамандар телефонға деген тәуелділіктен "емделу" мүмкін екенін, ол үшін арнайы психотерапиялық жұмыстан бөлек, отбасылық көмектің маңызы зор екенін айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Журналист Дастанбек Садық "телефонды аурудың ошағы" деп бағалап отыр. Адамның, әсіресе балалардың санасын улау арқылы мәңгүрттікке тәрбиелеп жатқанына ашынады. Ең сорақысы, ата-аналар сәбиінің телефон ұстап тынышталуын қалыпты құбылысқа балайды.
- Телефон – көзге көрінбес сан толқын атауын айтпас аурудың ошағы. Бөлінген улы элементтерді қосыңыз. Таңын қалтафонмен атырып, түнде сол құрылғыны құшақтап ұйықтайтын кей кісілер мұны ескере ме? Әлде "өмірде зиянды емес зат жоқ" деген құрғақ желеу жетемізді әбден улаған ба? Әлеуметтік желі атаулы қалтафонға деген құлықты одан әрі аша түсті. Жұтылып бара жатқан сананы одан әрі улауға көшті. Көпшіліктің назарына жақсы сурет саламын деп кей желіккен таудан құлауда, үйден құлауда. Арыстанның араны, акуланың аузында кеткенін тағы санаңыз. Мәңгүрттік деген осы, - деп ашынады ол.
Құлтемір адамға қызмет істегенімен, адамды құл етуін жалғастырып жатыр. Несиеге қымбат телефон алатындардың қатары артқанын несіне жасырамыз?
- Көпшілік қалтафонды байланыс үшін емес, сән үшін ұстайды. Бірнеше айға қымбат телефонды несиеге алып, сарсаңға түскен талайы. Үстіне жөнді киім ілмесе де, пәтер аралап жүрсе де, брендтік ұялы телефон ұстағанды парыз санайды. Базар кезіп, дүкен аралап кітап іздеген жасты көрдіңіз бе? Жоқ. Олардың желігі – телефон. Құлтемірге қызмет қылған осы болар. Кітап демекші, кітап оқитын қазақ бар ма? Әлемдік деңгейде саралаған зерттеушілер қазақстандықтардың 17 проценті ғана кітап оқиды деп айды аспанға шығарды. Сұмдық!, - деп жалғастырды сөзін журналист.
Қызылорда облыстық Жастар денсаулығы орталығының психолог маманы Еркебұлан Әбсамат "цифрлық аутизм адамды рухани апатқа ұшыратты" деген пікірін айтты. Ол ата-аналардың "балаңды аясаң, аяма!" деген қағиданы ұстанғанын қалайды.
- Цифрлық аутизм. Бұл тақырып қазіргі кезде өте өзекті болып отыр. Жалпы, үлкені де, кішісі де ақылын гаджеттерге алмастырды десек қателеспейміз. Баланың дамуын өте жоғары қарқында тежеп отырған бұл дүние о баста адамның уақытын үнемдеу үшін шығарылған болатын. Ал қазір рухани апатқа ұшыратып отыр. Үлкенін есте сақтау қабілетінен айыра бастаса, кішісінің сөйлеу, ойлау дағдысынан жоюда. "Балаңды аясаң, аяма!" деген нақыл бар. Жылаған баланың қолына гаджет бергеннен, тәрбие берген артығырақ. Жылар, бірақ алдап ойынға аударып жіберсеңіз, ұмытып кетеді, тек ерінбеу керек. Ата-ананың бақылауы болмаса, мұнымен күресу кімге болса да қиынға соғады. Себебі, балаға тек ата-ана ғана билігін жүргізеді, - дейді маман.
Шыны керек, бала тыныш болсын деп телефонды күнұзаққа беретіндер бар. Мамандар 2-3 жасқа дейінгі балаларға әрі кетсе 1 сағат ғана телефонмен ойнауға не видео көруге рұқсат екенін айтады. Оның өзінде баланың іс-әрекетіне ата-ананың бақылауы маңызды. Психологтар XXI ғасыр пандемиясының емі оңай екенін айтып отыр. Ол үшін әр адам өзіне, баласына қатаң тәртіп орнатып, бақылау жасауы керек, телефоннан тыйылуы тиіс.