Зейнетақы төлемдері жыл сайын 5%-ға өседі

881

2021 жылдың 1 сәуірінен бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) ай сайынғы төлемді есептеудің әдісі өзгереді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Зейнетақы төлемдері жыл сайын 5%-ға өседі Фото: inbusiness.kz

Осы жылдың 1 ақпанында Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтары алғаш рет 13 трлн теңгеден асты. Бір жыл ішінде сома 20,3% - ға өскен.

Соңғы 5 жылда халықтың зейнетақы жинақтары жылына орта есеппен 17,2%-ға өсуде.

Сонымен қатар, биыл қаңтарда зейнетақы төлемдері 73,8 млрд теңге болған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 4 есе көп.

Мұндай өсім биыл зейнетақы жинағындағы ақшаны мерзімінен бұрын алуға рұқсаттың берілуімен байланысты. Ақшаны тек тұрғын үй алуға немесе емделуге жұмсауға болады.

2020 жылдың қорытындысы бойынша зейнетақы төлемдері өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға қысқарып, 193,4 млрд теңге болған. 

2021 жылдың 1 сәуірінен бастап БЖЗҚ-дағы ай сайынғы төлемді есептеудің әдісі өзгереді.

Жаңа әдіске сәйкес ай сайынғы төлем мөлшерін (бірінші жылы) анықтау үшін зейнетақы жинақтарының сомасын 6,5% мөлшерлемеге көбейтіп, алынған мәнді 12%-ға бөлу керек.

Кейін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері қайта есептеліп, жыл сайын ол 5%-ға өсіп отырады. Бұрын төлемдерді индекстеу болмаған.
Бұл өзгерістер зейнеткерлерге әсерін тигізбейді. Биыл олар ескі әдіс бойынша төлемдерді ала береді. Алайда олар үшін индекстеу қарастырылған. Яғни 2022 жылдан бастап зейнеткерлердің зейнетақы 
төлемдері 5%-ға артады.

Сондай-ақ еңбек жағдайы ауыр (зиянды өндіріс орындары) орындарда жұмыс істейтін қызметкерлер және бірінші және екінші топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдар үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне қосымша арттыру коэффициенттері көзделген.

Сонымен қатар БЖЗҚ-дан төленетін ең төменгі зейнетақы төлемінің мөлшері де өседі. Осыған дейін ол әрбір қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% болса, енді ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін өседі.

Осылайша, енді зейнетке шығатындар үшін БЖЗҚ-дағы төлем мөлшері артады.

Елімізде зейнетке шығатын ер азаматтың орташа жинағы 1,7 млн теңге, әйелдікі – 1,5 млн теңге.

Сондай-ақ өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі төлемдерді тағайындауға да қатысты болып отыр. Ол ескі әдіске негізделген бірқатар көрсеткіштің өзектілігін жоғалтуымен, зейнетке шығатын қазақстандықтардың өмір сүру жасының артуымен байланысты.

Жаңа әдіс зейнетақы төлемдерін тек 79 жасқа дейін есептейді.

Айта кетейік, соңғы 20 жылда Қазақстанда зейнеткерлік жасқа толғаннан кейінгі ерлердің өмір сүру ұзақтығы 80 жасқа, әйелдердікі 82 жасқа артқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу