Жамбыл облысынан 1200-ден астам жігіт әскерге шақырылады

1378

Көктемгі науқанда Жамбылдан жалпы әскери міндеттілердің 37-сі әскерге аттанды, әлі 1200-ден астамы шақыртылуы керек. Жоспар орындала ма?

Жамбыл облысынан 1200-ден астам жігіт әскерге шақырылады

Осы шақыртылуы тиіс әскери міндеттілердің ішінен ҚР ҰҚК Шекара қызметі қатарына – 220, ҚР Қарулы Күштері қатарына – 487 және ҚР ІІМ Ұлттық ұлан қатарына 553 азамат таңдап алынбақшы.

Ал мемлекеттік күзет қызметіне бар-жоғы 4 адам алынады. Өйткені мемлекеттік күзет қызметіне тартылатындарға қойылатын талап өте жоғары.

Мемлекеттің басты нысандары мен жоғары лауазымды басшыларды қорғап, күзететін бұл қызметке баратын әскери міндеттілердің бойының ұзындығы 180-190 сантиметр, яғни 2 метрге жуық болуы тиіс. Келбетті, денсаулығы мықты, сымбатты жастар алынады.

Биыл әскер қатарын толықтыру үшін әскерге аттанған 37 жас ҚР ҰҚК Шекара қызметінде әскери борышын өтейді. Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары полковник Хасен Қарабаевтың сөзіне сүйенсек, әскерге шақыру науқанында жұмысқа кедергі келтіретін түйткілдер жоқ көрінеді. Әскерге шақырту алғандардың денсаулық жағдайын анықтау үшін қажетті жабдықтар мен тиісті сала мамандары толық қамтамасыз етілген.

Бұл енді жоспар. Берілетін есеп. Ал іс жүзіндегі көрінісі қалай болмақ?

"Мамандар тарапынан наурыз-маусым айларының аралығында шақыру контингентін зерделеу, шақырылушылармен, олардың ата-аналарымен, олар оқып жүрген және жұмыс атқарып жүрген оқу орындары, кәсіпорын өкілдерімен жеке әңгімелер жүргізуде", – дейді Хасен Қарабаев.

Жалпы былтыр 1 298 азамат әскерге шақырылуы тиістілердің тізіміне енген. Бірақ жыл қорытындысында соның 46-ы бұл әскери борышын өтеуден тыс қалды. Жастарды әскерге шақырудан белгіленген межені орындай алмағандар – Тараз қаласы мен Қордай, Мойынқұм, Меркі, Жамбыл және Жуалы аудандары.

Әскери борышын өтеу – ортақ міндет екені белгілі. Алайда соңғы жылдарда өзге ұлт өкілдерінің әскерге барудан жалтару фактілері жиі кездесетін болды. Мәселен, былтыр әскерге шақырылған өзге ұлт өкілдерінің ішінде дүнгендердің үлесі – 1,9, түріктер – 1,4, әзірбайжандар – 1 және өзбектер 1,2 пайызды құраған.

Жалпы әскерге барудан жалтару – барлық өңірде бар мәселе. Мәселен, 2021 жылы жергілікті әскери басқару органдарында 215 мың 105 адам мерзімді әскери қызметке шақырылуға тиіс болған. Ал нақты шақырылғаны – 32 мың 064 адам шақырылған. Қалған 183 мың 041 адам немесе әскерге шақыруға жататын жастардың 85 проценті түрлі себептер бойынша әскерге шақырудан кейінге қалдырылды немесе толығымен босатылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу