Жамбыл облысында ауыз сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші халық санымен қалаларда 98 пайызды, 340 ауылдық елді мекенде 97,1 пайызды құрайды. Бүгінге ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 27 ауылдық елді мекен және Тараз, Шу қалаларында 9 тұрғын алқап қалып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін қала және ауылдық елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес облыстық Жол картасы әзірленген.
Жол картасына сәйкес аталған 22 елді мекеннің 17-сінің құрылысы 2024 жылдан өтпелі болса, 4 елді мекеннің құрылысы биыл басталады.
Сондай-ақ, 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етуге қол жеткізу үшін жалғыз қалып отырған Қордай ауданындағы Алға елді мекенінің жобасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алыныпты. Қаржыландыру мақсатында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылатын болады.
Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатов халық саны аз 5 елді мекенге ағымдағы жылдың соңына дейін жергілікті бюджет есебінен суды тазартудың кешенді блок-модулі (КБМ) орнатылатынын айтады.
"Қалаларға келетін болсақ, ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған Тараз және Шу қалаларындағы 9 тұрғын алқаптың екеуінде құрылыс жұмыстары 2024 жылдан өтпелі. Тараз қаласындағы 4 тұрғын алқаптың 2024 жылға қаражаты толық қарастырылғанымен, 2 мердігер арасындағы сот процесіне байланысты құрылыс жұмыстары басталмады.
2025 жылға Шу қаласындағы "Жайсаң", "Горгаз" және "Жанкулиев" тұрғын алқаптарын сумен қамтамасыз ету жобасына құрылыс жұмыстарын бастауға қаражат қарастырылды.
Бұл ретте, наурыз айына жоспарланған облыстық бюджеттің нақтылауы кезінде жоғарыда аталған жобалардың құрылыс жұмыстарын бастау үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастыру жоспарланып отыр", – дейді Дамир Сейсенбекұлы.
Жыл соңына дейін қалаларды толық сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 4 нысанға республикалық бюджеттен 4,1 миллиард теңге қаражат қажет екен.