Жайылымның тарыла түсуіне ауылдардағы ортақ жайылым жерлердің бірқатар бөлігі басқа мақсатқа пайдалануға беріліп кеткені себеп болған.
Өңірдегі ауылшаруашылық мақсатындағы жердің жалпы көлемі 4675,8 мың гектарды құрайды. Жетпей жатқан 683 мың гектар жайылымдық жердің мәселесін шешу үшін негізгі 5 бағыттағы жұмыстар жүргізілуде.
Жер кодексінің 36-бабына сәйкес ауылдық округ теңгеріміне босалқы жерлер санатындағы жайылым жерлер елді мекенге қайта берілуі керек.
"2021 жылы облыста 227,5 мың гектар жер, былтыр 170,0 мың гектар жер ауылдық округтерге бекітіліп берілді", - дейді облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов.
Кейбір шаруа қожалықтар жайылымды жерлерді қоршап, ауыл тұрғындарының кезектесіп жаятын малына жайылым бермеген соң, амалсыз төрт түлікті орман қоры жеріне өргізуде.
Жергілікті атқарушы органдар да жайылым жайын шешу үшін орман қорындағы 1,08 миллион гектар жайылымға 242,9 мың малды жаюға рұқсат берген. Сондай-ақ өнімдерін жинап алған жерлерге кедергісіз мал жаю үшін шаруа қожалық басшыларымен келісім жасасқан.
"Көлемі 486,5 мың гектар жерге мал жаю үшін 2071 шаруа қожалық пен меморандум жасалды. Былтыр жалпы жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесі арқылы 415,8 мың гектар жер игерілмегені анықталып, тексеруге ұсынылды. Нәтижесінде 129,5 мың гектарға төрт түліктің өрісіне айналды. Зерделеу жұмыстарын жүргізіп, игерілмеген 254,7 мың гектар жер көлемін анықтадық. Оның 103,5 мың гектарын қайтаруға нұсқама берілді. Биылғы жоспар – 200,0 мың гектар. 6 айда 95 мың гектары қайтарылды", - дейді басқарма басшысы.
Айта кету керек, екі жылда елді мекен жайылымы 363,0 мың гектардан 741,0 мың гектарға дейін ұлғайған.
Жыл соңына дейін жайылымды қосымша 69,3 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.