Жамбыл облысында 80 дәрігер жетіспейді

1931

Биыл "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы аясында 204 маман келеді деп күтілуде. 

Жамбыл облысында 80 дәрігер жетіспейді Фото: freepik

Еліміздің денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселенің бірі – маман тапшылығы. Маңызды мәселені түбегейлі шешу мақсатында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Өкінішке қарай маман тапшылығын толықтай жою әзірге мүмкін болмай тұр. Бір ғана Жамбыл облысында бүгінгі таңда 80 дәрігер (32 қала, 48 ауыл) жетіспейді.

Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, өңірде дәрігерлер тапшылығы 2022 жылғы (104) есепті кезеңмен салыстырғанда 1,3 есе төмендегенімен, дефицит әлі де сақталуда. Жанар Мықтыбекқызының сөзіне сүйенсек, тапшы дәрігерлердің басым бөлігін терапевт, жалпы практикалық дәрігер, акушер-гинеколог, аллерголог, иммунолог, анестезиолог-реанимотолог, гастроэнтеролог, гематолог, дерматовенеролог, балалар хирургы, инфекционист, кардиолог, клинфармаколог, невролог, неонатолог, хирург, онколог, онколог-радиациялық, оториноларинголог, офтольмолог, психиатр, радиолог, травмотолог-ортопед, уролог, фтизиатр, провизор, эпидемиолог және функционалдық диагностика құрайды екен. 

Дегенмен басқарма басшысы мәселені шешу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. 

"Жергілікті бюджет есебінен оқу бітіргеннен кейін Жамбыл облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен жалпы 98 резидент оқуға тапсырды. 2022 жылы – 16 дәрігер, 2023 жылы 19 дәрігер жұмысқа келді. Қазіргі таңда 56 дәрігер резидентурада оқиды. 

Резидентураны тәмамдаған соң 2024 жылға 30 дәрігер, 2025 жылға 16 дәрігер, 2026 жылға 10 дәрігердің өңірге жұмысқа орналасуы күтілуде. 2023 жылы өңірге 101 жас маман (33-і қалаға, 68-і аудандарға) келді.

Сонымен қатар, ауылды елді мекендерге келген жас мамандарға жергілікті бюджет есебінен 800 мың теңге көлемінде ақшалай көтерме ақы берілді. Биылғы жылы "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы аясында 204 маманға 1 миллиард теңге қаралып, тұрғын үймен қамту үшін жұмыстар жүргізілуде", - дейді Жанар Оспанова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу