Жамбыл облысында қос компанияға алданған ауыл 8 жылдан бері газсыз

402

Бұқара бас-аяғы 70 млн теңгені шотқа оп-оңай аударып келген.

Жамбыл облысында қос компанияға алданған ауыл 8 жылдан бері газсыз Фото: inbusiness.kz

Жамбыл облысында 1000 түтін ауыл түбіне дейін тартылған газға 8 жылдан бері қосыла алмай әлек. Өйткені қос компания көгілдір отынды үйме-үй тартып беремін деп, түбі сан соқтырған. Бұқара бас-аяғы 70 млн теңгені шотқа оп-оңай аударып келген. Сайып келгенде не газ, не ақша жоқ. Жылу іздеген жұрт қос серіктестік арасында шыбын өледінің кебін кидік деп жыларман. Ал аудандық әкімдік қос тарап дауына тіптен араласқысы жоқ.

Газ дауын жылда жырлап, түбі көмір-тезекпен амалдайтын бұл Қарасу елдімекені. 1000 түтіні бар ауыл түбіне көгілдір отын 8 жыл бұрын тартылып-ақ қойған. Ал әр үйге қосуды өз мойнына алған алғашқы компания жұрттан 17 млн тг жинап, істі жарты жолда қалдырады.Тіпті сотта жеңіледі. Келесі мердігердің келуін 5 жыл күткен көпшілік компанияға бұл жолы 55 млн теңгені санап береді. Бірақ содан бері 3 жыл өткен. 

"Екеуінің ортасында 100 мың айырмасын төлейсіңдер деді. Оған біз келістік. Бірақ тек біздің талабымыз былай болатын. 100 мыңда тұрған ештеңе жоқ. Бізге газ керек дедік!" - деді Қарасу ауылының тұрғыны Қуатбек Әшімов.  

3 жылдан бері ауыл маңын торуылдаған қазіргі компания бар былық алғашқы серіктестікте дейді. Жүргізген 7 шақырым газ құбырын жарамсыз деп отыр. Сондықтан 500 үйге кірер құбырды қайта жаңалауға қаржының жоғын айтады. Ал өтемін қайттан қарашадан сұрайды.

Алғашқы серіктестік сот міндетін орындамай отыр. Екіншісі істі қаржыға тірейді. Ал қос компания ортасында қалған жұрт биылғы қысты газсыз өткізгісі жоқ. Күлтөбенің басында күндегі уәдеге тойған. Енді тоннасы 30 мың тг-ге баратын көмірді қораға жүктеп әлек. Қаржысы жоғы, ағаш теруге көшті. 

Қараша "бұл жұрттан қаржы жымқырудың амалы"- деп ашынады. Өйткені әр үй кемі 250 мың теңге шығарған. Тұрғындардың үндеу парақ ұстап, айқайға басуы сондықтан. Шу шыққан жерге әкімдік те, мердігер де жетіп келді.

Мердігер ауылдағы 130 үй газға толық қосылды дейді. 500-і әзір тұрғанын айтады. Бұл үйлерге құбыр ауысқан соң, газ енбек. Өзгесі әзірге белгісіз. Былайғы компания қаржысы толық өтелгендердің ғана үйіне газ қысқа дейін кіреді деп ашығын айтты.

"Ақшаларыңызды өндіріп алыңыздар да, бізге өткізіңіздер деген мәселе бізде. Өйткені бізге төлеп жатқан жоқ ол қаражаттарын. Сол үшін халық қайта өндірсін өзінің ақшасын", - дейді "СКН-Строй" ЖШС директорының орынбасары Рүстем Айтбек.

Әкімдік 2 компания тірлігі де тұралап қалғанын мойындады. Бірақ құбыр ауыстыру жұмыстары 3 күн бұрын басталды деп отыр. Тұрғындар серіктестіктің өзімен тікелей келісімшартқа отырған соң, араласа алмаймыз деп ашық айтты. Тіпті компанияға көпшіліктің қанша қаржы бергенінен бейхабар.

"Қаншама ақша жинаған, міне 1 аптадан бері айналысып жатырмыз. Дәлме-дәл сомасын әлі шығара алмай жатырмыз. Кейбіреуінің қолында квитанция жоқ. Бірақ енді солардың бәрін мынау "Скн групп" мойнына алып, газдарын қосуға уәдесін берді", - дейді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов.

Ауылдағы бар үйге газ қашан кірері әзірге белгісіз. Айта кетейік, Қордай ауданындағы ауылдарды газдандыруға қазынадан  5.6 млрд тг қаралған еді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу