Жамбылдағы жаңа зауыт іске қосылса, қант тапшылығы болмайды

975

Шу ауданындағы "Химпарк Тараз" АЭА аумағында салынып жатқан "QYZYLSHA" ЖШС қант зауыты іске қосылса, биылғыдай қант тапшылығы туындамайды дейді мамандар.

Жамбылдағы жаңа зауыт іске қосылса, қант тапшылығы болмайды

Серіктестік зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды Германиядан, кейбір жабдықтарын Қытайдан алдыруда. Жобаның жалпы құны 92,3 миллиард теңгені құрайды. Зауыт іске қосылса, 260 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Еске сала кетсек, "Химпарктегі" құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Қазіргі кезде зауыт алаңы дайындалып, жол жабыны төселіп қойған. құрылысшыларға арналып жатақхана мен құрылыс жабдықтарын сақтайтын қоймалар салынған. Келесі жылы зауыттың өзі де іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Жаңа қант зауытында жылына 150 мың тоннаға жуық өнім өндіру жоспарланған. Жалпы шикізат жеткілікті болса, күндігіне 8 мың тонна қант қызылшасын өңделеді дейді жоба директоры Заманбек Мирзоянов.

Зауыт толық қуатында жұмыс істеуі үшін 1 миллион тонна шикізат қажет. Ал осынша өнім алу үшін жамбылдық шаруалар жылына 70 мың гектар алқапқа қызылша өсіруі тиіс.

"Қажетті шикізат қорын дайындау үшін 70 мың гектар алқапқа қант қызылшасын егу керек. Оның 30 мың гектарын серіктестік өз егістік алқаптарында өсіреміз. Қалған 40 мыңын шаруа қожалықтармен келісімшарт жасасу арқылы сатып аламыз", – дейді директор З. Мирзоянов.

Толық қуатында қант өндіреміз десе, Жамбыл жерінде 2 бірдей зауыт бар. Бүгінде осы екі өндіріс орнын да діңкелетіп тұрған басқа емес, шикізаттың жетіспеушілігі. Ал қызылша өсіруге ағын судың тапшылығы кедергі.

Серіктестік суарудың үнемді технологиясын енгізу арқылы осы проблеманың шешімін таппақшы. Қазірдің өзінде олар жаңбырлатып суару технологиясы арқылы 1 562 гектар егістік алқабының 150 гектарына – картоп егіп, 400-іне мақсары, 440-ына жүгері мен бидай, ал 1 000 гектарына қант қызылшасын себуде.

Қожалық жетекшісі Владимир Бондаренко су үнемдеу технологиясы өнімділікті де жоғарылататынын айтты. Мәселен, шаруашылық арғы жылы қант қызылшасының әр гектарынан орташа 700 центнерден өнім алған.

"Меркі қант зауыты" ЖШС-нің директоры Нұржан Қарғабаев та қант өндірісіндегі негізгі мәселе шикізатқа байланысты екенін алға тартты.

Оның айтуынша, былтыр зауыт 80 257 тонна қант қызылшасын қабылдап, 7387,2 тонна қант өндіріпті. Биылғы жоспар – 190 мың тонна тәтті түбірден 60 мың тонна өнім алу.

Ал қант қызылшасын өсіріп отырған шаруалардың мұңы басқа. Олар тыңайтқыш бағасының қымбаттағанына наразы. Диқандар үшін су ұңғымасын қазу да, жаңбырлатып суғару қондырғысына қол жеткізу де жеңіл соқпай тұр. Сондықтан субсидиялау арқылы қолдау шаралары қарастырылса дейді.

Сондай-ақ ала жаздай өсірген қызылшаның да бағасының өскенін қалайды. "Меркі қант зауыты" ЖШС өкілі биыл қабылданатын тәтті түбір бағасының килосын 24 теңгеден 30 теңгеге қымбаттатпақшы.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу