Жаңа Салық кодексі 2026 жылы қолданысқа енгізіледі

232

Ал 2025 жылдың соңына дейін салықтық әкімшелендірудің бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу көзделген. 

Жаңа Салық кодексі 2026 жылы қолданысқа енгізіледі Фото: canva.com

Сол жылы банктер мен кредиттік ұйымдардың қызметін реттейтін жаңа Заң жобасы әзірленетін болады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Бүгін Мемлекет басшысының биылғы 2 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Үкімет отырысында оқылды. Құжат экономиканың тұрақтылығын арттыруға және азаматтардың әл-ауқатының өсуіне бағытталған 76 іс-шарадан тұрады. 

"Жалпұлттық жоспарды көзделген негізгі бағыттарға тоқталсақ, ақша-несие саясаты желісі бойынша – банктер мен кредиттік ұйымдардың қызметін реттейтін жаңа Заң жобасы әзірленетін болады. Заң жобасының негізгі міндеттері – экономикалық белсенділікті ынталандыру, цифрлық активтерді және қаржылық технологияларды реттеу. Қабылдау мерзімі 2025 жылғы маусым айына жоспарланған", – деді премьер-министр орынбасары Нұрлан Байбазаров. 

Осы бағыт бойынша теңгерімсіздікті жою мақсатында төленетін дивидендтерді ескере отырып, банк секторына теңгерімді салық салуды енгізу жөніндегі шаралар қабылданатын болады. 

"Салық және бюджет саласын жетілдіру бойынша, осы жылдың соңына дейін кірістер мен шығындарды жоспарлау сапасын арттыру, бюджет тапшылығының орнын толтырудың өтемақылық тетіктерін енгізу, Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігін арттыру мәселелерін қамтитын Бюджет заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады", – деді Байбазаров. 

2026 жылдың басынан жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Оның негізгі міндеттері: кәсіпкерлер үшін тиімді жағдайларды нашарлатпай; салық режимдерін оңтайландыру; жеке табыс салығы сараланған мөлшерлемесін белгілеу; мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбай, салық берешегінің шегін ұлғайту; салық берешегі шегінде ғана шектеулер қою; кепілмен қамтамасыз етілмейтін салықтар бойынша берешекті бөліп төлеудің және де басқа да пәрменді шараларды ұсыну. 

Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін салықтық әкімшелендірудің бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу көзделеді, бұдан басқа шекара маңындағы кеден бекеттері бойынша жұмыстарды аяқтауға, сондай-ақ кірістердің заңсыз ағынына жол бермеуге бағытталған кешенді шаралар іске асырылатын болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу