Жаңа заман оқушыларын жаңаша оқыту: STEAM тәсілі Қазақстан мектептеріне не береді?

925

Inbusiness.kz Білім беру саласындағы жаңа стартап — STEAM.KZ платформасының басшысы Абзал Акбарұлымен сұхбатын ұсынады. 

Жаңа заман оқушыларын жаңаша оқыту: STEAM тәсілі Қазақстан мектептеріне не береді? Фото: STEAM.KZ

Жас та болса бас болған

Абзал Акбарұлы – биология пәнінің мұғалімі. Қызылорда қаласында туып-өскен ол ата-анасының жолын қуған: әкесі математика пәнінің мұғалімі болса, анасы химиядан сабақ береді.

Астана қаласында магистрлік білім алып жүріп, Абзал әртүрлі оқыту әдістерімен етене танысады. Сапалы білім береді дейтін мектептерде ғана емес, шалғай ауылдарда да іс-тәжірибеден өткен. Әртүрлі мектептің тәжірибесімен таныса келе Абзал мансап жолын мұғалімдікпен емес, педагогтардың кәсіби дамуымен байланыстыруды шешкен.

"2021 жылы дипломымды алып, STEAM.KZ стартабына әдіскер болып жұмысқа тұрдым. Жалпы алғанда, STEAM ғылым, технология, инженерия, өнер мен математика пәндерін біріктіре отырып оқыту арқылы балалардың креативті ойлай алуын, инженерлік машығын дамытуды көздейді," – дейді Абзал.

Үш жылдың ішінде Абзал STEAM білім берудің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, мансап жолында да жетістікке жеткен. Қазіргі таңда ол STEAM.KZ стартабының басқарушы директоры.

"STEAM.KZ — мұғалімдерге арналған білім беру платформасы. Біз қазіргі таңда ең тиімді саналатын STEAM оқыту жүйесін Қазақстан мектептеріне енгізуді мақсат етеміз. Мұғалімдерге пайдалы әрі сапалы контент ұсына отырып, еліміздегі оқушылардың зерттеу машықтарын дамытуға, олардың болашақта ғалым, инженер, өнертапқыш болуына ат салысқымыз келеді", - деп бөлісті Абзал.   

STEAM білім беру тәсілінің артықшылығы

Абзалдың айтуынша, STEAM тәсілінің атауы жаңа болғанымен, оның алғышарттары отандық білім жүйесінде бұрын да болған:

"Мысалы бұрын балалар технология сабағында ағаш жонып, орындық жасайтын. Яғни, өмірге қажет машықтарды үйренетін. Ал кейінгі кездері мұндай сабақтар бірсарынды өтеді. Мысалы кейбір қарапайым мектептерде технология сабағында оқушылар ереже жазып, мұғаліммен әңгімелесіп қана тарқасады. Тағы бір назар аударар нәрсе — PISA нәтижесі. Бұл бағдарлама зерттеуіне 81 ел қатысса, біздің ел 46-орынға жайғасқан (2022 ж). Бұл зерттеу нені көрсетеді? Бұл балалардың алған білімін шынайы өмірде қалай және қаншалықты қолдана алатынының көрінісі. Әрине жағдай айтарлықтай жаман емес, десе де бұдан да жақсы нәтижеге жетуге болады.

Осы мақсатта Абзалдың командасы STEAM.KZ арқылы балаларға күнделікті өмірде қолдана алатын білім беріп, қажетті машықтарды дамытатын бастаманы қолға алған. Мысалы, стартап командасында химия, биология, информатика сияқты пән мұғалімдерінен құрылып, оқушыларға қызықты әрі пайдалы болатын жобалар дайындаған.

COVID-19 пандемиясынан кейін балаларға өз қолымен санитайзер жасауды үйрететін жоба әзірледік. Елдегі қайғылы өрт жағдайлары кезінде тілсіз жауды жылдам анықтайтын құрылғы жасау жолын ұсындық. Сонымен қатар “Ақылды үй” жобасын, яғни үйді басқаратын жоба жасадық. Мұның бәрін мұғалім сабақ барысында қолдана алады. Оған қоса оқушылар бұл жобаларды топ болып, немесе ата-анасымен бірлесіп жасау арқылы тың машықтарды игеріп қана қоймай, өзара қарым-қатынасты да нығайтады", - дейді Абзал.

Стартап басшысының айтуынша, STEAМ-нің тағы бір артықшылығы — қала мен ауыл балаларына теңдей білім беру мүмкіндігін беруінде:

"Айтып өткенімдей, біздің жобалар тек қолда бар заттардан жасалады. Мысалы ауылдық мектептерде 3D принтер болмауы мүмкін. Сондықтан біздің платформада ұсынылған қарапайым заттарды қолдана отырып, мұғалімдер қызықты сабақ жүргізе алады. Яғни біз мұғалімдерге таңдау еркін береміз. Мысалы бір жобаны картоннан да, пластмассадан да, темірден де, ағаштан да, яғни кез келген заттан жасауға болады.

Қазіргі уақытта STEAM.KZ мектептерден бөлек, жеке мұғалімдерге арналған курстар ұсынып, әр мұғалімді өз пәніне қажетті барлық материалмен қамтиды. Сонымен қатар платформада 3D принтерді қолдана алу, 3D моделдеу бойынша курстар да бар. Бұдан бөлек Сонымен қатар STEAM.KZ командасы PBL (жоба негізінде оқыту) форматын да қолға алған. Оның негізінде мұғалімдерге 1-2 айға созылатын жобалар ұсынылатын болады".

Лабороториялық жұмысты жеңілдетеді

Қазіргі таңда STEAM.KZ платформасында бастауыш сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін 200-ден астам жоба бар. Сонымен қатар платформада 50-ден астам симулятор ұсынылған. Барлық пән бойынша лаборотриялық жұмыстар да қамтылған.

STEAM.KZ-тің жұмысын жақсарту бойынша Қазақстанның көптеген әдіскер мұғалімдерін жинап, конференция өткіздік. Мамандар мектептерде STEAМ білім беру бағытында қандай мәселелер барын талқылады. Сонда түсінгеніміз, мемлекеттік бағдарлама бойынша бекітілген лабороториялық жұмыстар да кейбір мектептерде орындалмайды екен. Бұл туралы зерттеулер де бар. Мұның екі себебін қарастыруға болады. Біріншіден, университетте мұғалімдер лабороториялық жұмысты қалай ұйымдастыру керегін толық үйренбейді. Екінші мәселе — мектептерде оған қажетті заттардың, құрылғылардың болмауы. Мысалы, химия пәнінен реактивтер жетіспей жатады. Біз осы мәселелерге STEAМ тұрғысынан қарап, мұғалімге лабороториялық жұмысты қолда бар заттармен жасауға болатынын көрсеткіміз келді. Сонымен қатар педагогтарға оны жүргізу бойынша толық нұсқаулық береміз, үш тілде түсіндірме видеолар мен жұмыс парақтары ұсынылады. Мұғалім жұмыс парағын алдын ала шығарып, оқушыларға дайындап қоятындықтан, балалар кесте сызып уақыт жоғалтпайды. Лабороториялық жұмысқа берілетін уақыт 20-25 минут, сондықтан мұғалім де, оқушы да ол уақытты барынша тиімді қолдана алады. Бұл STEAМ болмаса да, соған алып келетін жолдың бірі. Қазір біз лабороториялық жұмыстарды толық қамтып шықтық. Оның ішінде физика, химия, биология, жаратылыстану пәндері бар. Тағы бір маңызды нәрсе — симуляторлар. Яғни сынып жағдайында орындата алмайтын эксперименттер бар. Ал оларды орындауда симуляторлар көмектесе алады. Алайда оны құрастыру өте көп уақыт алатындықтан, біз Phet интерактив симуляторлар сайтын донат жасау арқылы өз платформамызға орналастырдық. Бұл сайт тегін, алайда оның бар екенін, қалай қодануға болатынын көп мұғалім біле бермейді. Сондықтан арнайы нұсқаулық жасап, мұғалімдерге ұсынудамыз. Бір кемшілігі ол барлық тақырыпты қамтымайды, сондықтан алдағы уақытта бізге қажет тақырыптарды да қамтитын симуляторларды жасап шығу ойда бар.

STEAМ.KZ командасы әдіскерлермен, мұғалімдермен үнемі байланыста. Бүгінге дейін олар Қазақстанның түрлі өңіріндегі мұғалімдерді оқытқан. Оның қатарында Шымкент, Алматы, Қарағанды, Атырау, Ақтау сияқты қалалар бар.

STEAМ қызықтырады

Абзал мен оның командасы оқушылар мен мұғалімдердің, жалпы алғанда мектеп қауымдастығының STEAМ-ге қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастырады.

"2022 жылы Астанадағы BINOM мектептерімен жұмыс жасап, оқушылардың керемет идеялардың куәсі болдық. Мысалы, 1-сыныптың оқушылары мектептің жанында бағдаршам не үшін керек екенін зерттесе, тағы бір бастауыш сынып оқушылары картонды қайта өңдеп, эко-кітап жасап шыққан. Оқушылар өз алдына зерттеу жасап, идеяны жүзеге асыру арқылы білімге талпынысы артпаса, кемімейтіні анық. Біздің де мақсатымыз сол — балалардың оқу-білімге құштарлығын арттырып, креатив ойлау машығын дамыту", - дейді Абзал.

Сонымен қатар сол жылы “Сенімен болашақ” қоғамдық бірлестігімен бірге ата-аналар мен оқушылар қатысқан Family STEAМ Challenge сайысын ұйымдастырған. 66 отбасы қолда бар заттардан гидравликалық кран жасау бойынша видео түсіріп, ең үздіктері Астанада сайысқа түскен.

STEAМ балабақшаларда

Балалардың инженерлік, креативтік ойлау машығын барынша ерте дамытқан жөн дейді STEAM.KZ басшысы. Осы мақсатта команда балабақшаларға арналған Kidsteam.kz платформасын іске қосқан.

"Қазақстанда қазіргі таңда он мыңдай балабақша бар, оның жартысы жеке, жартысы мемлекеттік. Нарық үлкен. Алайда көптеген балабақшада балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін контент аздық етеді. Сондықтан біз “Тәрбие тірегі” әдістемелік орталығымен бірлесіп, тәрбиешілерге арналған контент дайындадық", - дейді Абзал Акбарұлы.

Екіжақты жұмыс нәтижесінде кіші топтан бастап мектепалды тобына дейін, яғни екі жастан бес жасқа дейінгі балалаларға арналған 100-ден астам STEAМ жоба жасалған. Сонымен қатар әр күнге арналған циклограммалар дайындалған. 

"Қазіргі таңда платформаға жиырма шақты балабақша тіркелді. Тәрбиешілер біздің бағдарламаны күнделікті қолданатынын көріп отырмыз. Демек тәрбиеші өз уақытын қағаз жұмысқа емес, балаларға арнай алатындай мүмкіндік бердік деп сеніммен айтуға болады", - деп атап өтті Абзал.

STEAM.KZ-тің алдағы жоспарлары

Бүгінде STEAM.KZ Қазақстан бойынша 220-дан астам мектепті қамтып үлгерген. Алдағы уақытта команда бұл көрсеткішті мыңға жеткізуді көздеп отыр. Сонымен қатар Абзал Акбарұлы платформаны әлемдік нарыққа шығару ойы барын да бөлісті:

Біздегі үлкен мәселе — Қазақстандағы нарықтың шағын ғана болуы. Сондықтан STEAM жүйесін Қазақстан мектептеріне барынша енгізген соң, әлемдік нарыққа шығуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда контентті үш тілде дайындау үстіндеміз. 2025 жылы ТМД нарығына шығу жоспарда бар. Бұл ойға кездейсоқ келмедік. Жыл сайын Англияда өтетін Bett Show білім беру технологиялары көрмесіне қатысамыз. Байқағанымыз, біздің жоба Қытай, Жапония, Корея, Англия сияқты елдердің ұсынған жобаларынан кем түспейді. Қазіргі таңда Индонезияға, Африка елдеріне шығу бойынша ұсыныстар келуде.

Ал үлкен арманымыз — Қазақстандағы мықты EdTech компанияға айналу. Еліміздегі мұғалімдердің біліктігін арттырып қана қоймай, балаларға сапалы контент ұсыну арқылы Қазақстанды тұтынушы елге емес, өндіруші елге айналдыруға аз да болса үлесімізді қосқымыз келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу