Жапония мен Қазақстан арасындағы визалық режим жеңілдейді

1413

Жапония мен Қазақстан арасындағы визалық режим жеңілдейді

Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Жапонияның дипломатиялық және қызметтік пас­порттарына ие азаматтарын визалық талаптан босату туралы сенім ноталарымен алмасу рәсімі болып өтті. Аталған құжат алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз кызметіне сілтеме жасаған egemen.kz.

Лауазымды тұлғалардың визасыз сапарлар алмасуы саяси байланыстар­ды әрі қарай ілгерілетуге және Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-эконо­микалық ынтымақтастықты белсенді ете түсуге оң ықпал ететін болады.

"Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға ресми сапары өтіп жатқан кезде, біз 2017 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап дипло­матиялық және қызметтік паспорт­тары бар адамдарды визалық талаптан өтуден босату туралы сенім нота­ларымен алмастық. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Қазақстан дипло­ма­тия­сының экономикалық бағдарын күшейту мақсатындағы тапсырмасына орай, ал­дағы жылдың
1 қаңтарынан бастап Жа­пония ұлттық паспорттарының иелері үшін 30 күнге дейінгі мерзімге визасыз режім қалыптастырылатын болады. Бұл екі елдің инвестициялар, жаңа технологиялар мен туризм салаларындағы іскер­лік байланыстарды белсенді ете түсуіне мүмкіндік береді", деп атап көрсетті рәсім кезінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев.

Сенім ноталарымен алмасу барлық Қазақстан азаматы үшін визалық режімді жеңілдетуге жасалған алғашқы қадам болып табылады.

Жапонияның Қазақстандағы елші­лігі­нің кеңесшісі Ясумаса Идзима атал­ған оқиға екі ел арасындағы саясат, эко­номика салаларындағы өзара іс-қимыл­ды нығайтып қана қоймай, азаматтар­дың өзара сапарлар алмасуына да жағдай туғызатынын атап көрсетті. "Біз барша Қазақстан азаматтары үшін визалық режімді әрі қарай да жеңілде­туге ұмтылыс таныта беретін боламыз", деді жапониялық дипломат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу