Жарамсыз жолдар жүргізушілердің жүйкесін жұқартты

454

Алматы-Термез тас жолының Шымкент аумағынан өтетін тұсы жүруге жарамай барады.

Жарамсыз жолдар жүргізушілердің жүйкесін жұқартты Фото: inform.kz

Жауын-шашыннан пайда болған шұңқырларды айтпағанда, күре жолдың кейбір жерлері ойылып, көлік қатынасын қиындатқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын жолдың жарамсыз тұсы толық шымқалаға қарайды. Алайда,  билік күніне мыңдаған көлік жүйіткитін жолды жөндеуге асығар емес. 

Жолдың жайын жүрген біледі. Бірақ, Шымкенттегі жолдардың жайын білу үшін көлікке мінудің қажеті жоқ. Өйткені, діттеген жеріңізге жетпей жолда қаласыз. Әсіресе магистралды көлік дәлізінің жағдайы өте нашар. 

"10-15 жыл болды осы жолдың жөнделмегеніне. Бұл жолға қарап жатқан ешкім жоқ. Жұрттың бәрі налогын төлейді. Оны алып жатыр. Соның ақшасы қайда кетіп жатыр?", дейді Қала тұрғыны Есбай Қазақов.

Күніне жүз емес мыңдаған көлік ары-бері қатынайтын қаладағы А2 айналма жолының қазіргі жағдайы осы. Көлемі жатқан кісіні жасыратын шұңқырлардан жеңіл автокөліктер тұрмақ үлкендерінің өзі әрең өтеді. Жанға бататыны бұл жағдай Шымкентте жыл сайын қайталанады.

Бұл жағдайға күтіп-ұстау жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмеуі себеп. Тұрғындардың айтуынша мегаполисте жол белгіленген талаппен салынбайды. Әрі қажетті кезде тазаланбайды. 

Биыл тек шұңқырларды жамау үшін жарты миллиардтай теңге бөлінген. Жауаптылар енді күннің жылынғанын күтіп отыр. 

"Алдағы уақытта ауа-райы қалыптасқаннан кейін бірінші кезекте магистралды көшелердегі шұңқырларды асфальт қабатымен жамау жұмыстары атқарылатын болады. Қала көшелеріндегі жалпы пайда болған шұңқырларды кезең-кезеңімен июнь айының соңына дейін жамау жоспарланған", дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Бекзат Молдасапаров. 

Мегаполистегі жолдарда 10 мың шаршы метрдей шұңқыр бар. Олардан қанша көліктің зардап шеккені белгісіз. Жолдар жаз келмей жөнделмейтіндіктен, жүргізушілерге сақ болып жүре тұрудан басқа амал жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу