Жарты млрд жұмсалған жоба жарты жолда қалды

378

Жарты млрд жұмсалған жобадан жұрт жарты литр де су ішпеді.

Жарты млрд жұмсалған жоба жарты жолда қалды Фото: Inbusiness.kz

Жамбыл облысында 500 млн теңгеге салынған су ғимаратынан тіршілік нәрі емес, лай су аққан, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Тұрғындар: "әкімдік пен мердігер жобаның барлау, бұрғылауын шала-шарпы бітірген", деп бұлқан-талқан. Халық суды бәз-баяғыша тасып тұтынуға қайта көшті. Ең қызығы, суы құрғаған станция әкімдік есебінде қолданыста делінген. Сонда кім кімді алдап жүр?

Қылышбай ауылында су ғимараты 2 жыл бұрын сән-салтанатпен ашылған. Қазынадан бұл іске 538 млн теңге қаралған. Бірақ сырт көзге бүтін ғимараттан таза су емес, бірден лай су атқылапты. Енді ол тіршілік нәрін адам тұрмақ, төрт түлік те ішпейді.

"Мүлдем іше алмайсың. У татиды. Кәдімгі теңіздің суы сияқты дәмі. Содан қалай жиіркенесіз тура сол. Мал ішпейді. Үш жыл болды біз су тасу көлігімен  саляркасын өзіміз төлеп, әр келген рейсіне 20 литрден құйып береміз. Сөйтіп ауыз суды тасып ішіп отырмыз", - дейді Қылышбай ауылының тұрғыны Света Сәкиева.

Ауыл ауыл болғалы, тіршілік нәрін 15 шақырым шалғайдағы Мойынқұмнан тасиды. Су ғимараты салынды деп, бөркін аспанға лақтырған қуанышы артынан су сепкендей басылды. Өйткені мына судың дәмі ащы. Мұның өзіне көпшілік айма-ай 1800 теңге өтейді.

Тіршілік нәрін талай жыл тосқан тұрғындар енді күнбе-күн су тиеген тракторды күтеді. Келсе, шелек-құмғанын алып, таласа толтырады. Бұл тек ауыз судың жайы. Ал ауыл ішіне тасталған құбырлар қазір құрғаған күйде жатыр. Миллиондар кеткен стансаның қазіргі сиқы осы. Жұрт жарты жолда қалған жобаға қаржылық тексеріс жасалсын, деп талап қылады. 

"Миллиондап ақша бөлініп жатыр. Бірақ оның сайда саны, құмда ізі жоқ! Оның қызығын кім көріп жатқан?! Біздің Мойынқұмның өзі ступенка. Ақшаны алады, құяды, жейді, ішеді кетеді. Ешкімнің жаны ашып жатқан жоқ халыққа", - дейді Қылышбай ауылының тұрғыны Оразбек Құрбанов.

Әкімдік мәселенің барын мойындайды. Кінәні мердігерге сілтеуден де аулақ. Бар айып геологиялық барлау ісінде екен. Құжатта жерасты суы жарамды деп көрсетілген еді, дейді. Енді жауапты компанияны сотқа тарту ісі қарастырып жатыр.

"Бұл жерде геологиялық зерттеу жүргізгенде осы жердің суы тәтті деп берген. О баста, сол қателік болып артынан осыған тірелді. Барлау кезінде қателік болды. Тәтті деген соң салынған!",- дейді Қылышбай ауылының әкімі Бәкір Исабеков.

Қызығы, осы олқылықты жұрт әкімге, ол кәсіпкерге сілтегелі жыл өткен. Сайып келгенде жұрт сусыз отыр. Айтпақшы, қазына қаржысын сағызша созған әкімдік биыл бүлінгенді бүтіндеуге тағы қаржы қарастырыпты. Бұл жолғысы  312 млн теңге. Бірақ бұған 1 емес, 5 ауылда тұщытатын қондырғы орнатылып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу