Жауапты хатшылардың орташа жалақысы 685 мың теңгеден басталады

689

Түпкілікті шешімді министрлер қабылдайды.

Жауапты хатшылардың орташа жалақысы 685 мың теңгеден басталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында министрлердің жауапты хатшыларын қысқарту туралы тапсырма берді. Президент министрлер мен жауапты хатшылар арасындағы жұмыс сапасы сын көтермейтініне тоқталып: "Нәтижесінде ортақ іске нұқсан келтіріледі. Сұрау бір адамнан болуы керек, яғни Президент тағайындаған министр жауапты болуға тиіс. Сондықтан жауапты хатшылар институтын қысқарту керек. Олардың міндетін министрліктердің аппарат басшыларына жүктеу қажет. Жоғарыда аталған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға жыл соңына дейін түзетулер пакетін қабылдауды тапсырамын", – деді.  

Бүгін осы тапсырманың орындалу барысы туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеме жасады.

"Жауапты хатшылардың орташа жалақысы бүгінде 685 мың теңгеден басталып, жұмыс өтіліне қарай 815-830 мың теңгеге дейін жетеді. Жауапты хатшыларға қатысты түпкілікті шешімді министрлер қабылдайды. Басқа министрлікке немесе ведомствоға жіберу – бұл тікелей бірінші басшының өкілеті", – деді Ералы Тоғжанов. 

Оның айтуынша, Президент министрлердің жауапты хатшыларын қысқарту туралы бастамасы арқылы жауапкершілік мәселесін айқындап берді. Жауапкершілік жауапты хатшыға емес, министрдің өзіне жүктелуге тиіс. 

"Бүгінде жауапты хатшы институты 15 министрлікте бар", – деді Ералы Тоғжанов.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу