Жеке меншікте болуы мүмкін ауылшаруашылық жерлерінің шекті мөлшері белгілі болды

613

Үкімет тиісті қаулы жобасын мақұлдады.  

Жеке меншікте болуы мүмкін ауылшаруашылық жерлерінің шекті мөлшері белгілі болды Фото: ortcom.kz

Елімізде жеке меншікте болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең жоғары мөлшері белгілі болды. Шаруа және фермер қожалықтары үшін – 35 мың га, заңды тұлғалар үшін – 51 мың га. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

"Осы жылдың 11 қаңтарында Үкімет жер пайдалану құқығы бір қолда болу мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті, яғни ең жоғары мөлшерін бекіту туралы Үкімет қаулысының жобасын мақұлдады. Республика бойынша орта есеппен табиғи-климаттық жағдайларға байланысты шаруа және фермер қожалықтары үшін ауыл шаруашылықтары алқаптарының шекті ең жоғары мөлшері 35 мың гектар, заңды тұлғалар үшін 51 мың гектардан аспайтын мөлшерде белгіленген", - деді ол АШМ кеңейтілген алқа отырысында.

Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, бұл норма енгізілгенге дейінгі берілген жерлер бойынша тиісті талдау жүргізілетін болады. Сонымен қатар жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстар да жалғасын таппақ.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдарды айқындауды, жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлар салатын айыппұлдардың шекті мөлшеріне ұлғайтуды, сондай-ақ әкімдіктердің лауазымды адамдарының сауда-саттық пен конкурстарды өткізбегені немесе уақтылы өткізбегені үшін жауапкершілігін белгілеуді және т.б. көздейтін өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленді. Құжат 2022 жылдың 18 қаңтарында Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданып, Сенатқа жолданды", - деп атап өтті Әбілхайыр Тамабек.

Бұдан бөлек кәсіпкерлерге жер учаскелерін жедел және ашық бөлу үшін пәрменді тәсілдерді әзірлеу мақсатында министрлік "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленді. Мұнда жер учаскелерін беруді коммуналдық қызметпен келісу рәсімін автоматтандыру, жер қатынастары саласындағы бюрократиялық және сыбайлас жемқорлық алғышарттарын алып тастау көзделеді.

"Құжат өткен жылдың 22 қазанында Мәжіліс депутаттарының бірінші оқылымында мақұлданды және екінші оқылымға жіберілді", - деді ведомствоның вице-министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу