Жері жекенің қолына өтіп кеткен тұрғындар көшесіз қалды

315

Алматының Наурызбай ауданында жаңадан салынған тұрғын үй кешеніне көшеге шығатын тағы бір жол керек!

Жері жекенің қолына өтіп кеткен тұрғындар көшесіз қалды Фото: Inbusiness.kz

Осылай деп шулаған халық өрт сөндірушілерді шақырсақ діттеген жеріне жетпей қала ма деп қорқады. Өйткені, 1500-ден аса пәтері бар көпқабатты үйге тек бір жағынан ғана кіруге болады. Оның өзі өте тар. Сондықтан, онда ауыр техниканың кіруі екіталай деп отыр. Ал тұрғын үйді салған компания халыққа өз қаражатынан жол салып беруге дайын. Тек жердің басқа иесі бар, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты

Жол халыққа берілсін! Бұл тірнектеп қаржы жинап, арманындағы баспанаға енді ғана қол жеткізген халықтың жанайқайы. Олар бұл жолы тұрғын үй кешенінің сапасына емес, жолдың жоқтығын айтып күйінді. Кезекпен салынып жатқан баспананың бүгінде тек тең жартысы ғана қоныстанып үлгерген. Қазір тұрғын үй кешеніне тек бір ғана кіретін жол бар. Оның өзі, халыққа аздық етеді. Онысы да өте тар. Ал екінші кіретін жолды тұрғын үйді салған компания жасауға әзір. Бірақ жердің басқа иесі бар. Ол рұқсат етпейінше жолды салу мүмкін болмай отыр.

"Екі кезегі берілді үйдің. Күнде кептеліс. Машинаның санын көрдіңіздер. Кешкі  қарбаласта көлік тығыны болып қалады. Енді мына үшінші кезек әлі толық кірген жоқ. Соның өзінде мына үшінші кезеңді бергенде не болады соны білмеймін. Кіріп-шығу қиын. Ана жерде мектеп, балалар жүреді. Балалар да қыстырылып машиналардың арасынан әрең өтеді. Біздің сұрауымыз сол жолды салып берсе екен дейміз", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Сапаржан Бекмұратов. 

"Бізде екі-ақ жол. Мынау жол мен ана жол өте тар. Сондықтан, мына кеңірек жолды тезірек салып берсе бізге жақсы болатын еді. Мен мәселен мүгедекпін. Мына жолмен кейде жедел жәрдем жүре алмайды. Ана жақ өте тар. Бізге кеңірек жол керек!", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Рахима Майкөтова.

Аудан әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Билік басындағылар бұл 153 гектар аумақ Алматы облысына тиесілі болған дейді. Қаланың есебіне тек 2014-ші жылы өткен. Жердің бастапқы қожайыны  Тимус Констракшн жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ол 2020-шы жылы өз иелігіндегі жер учаскелерін сатуды бастаған. Қазір тұрғын үй салумен айналысатын екі жекеменшік компания бір-бірімен келісімге келе алмай отыр дейді Наурызбай ауданы әкімдігі.

"Бұл мәселені жақсы білеміз. Ауданымызда салынған жаңа тұрғын үй кешеніне оңтүстік жағынан кіреберіс жолдың жоқ екені рас. Шынында да, бұл аумақ қазір жекенің қолында. Бірақ Алматы қаласының бас жоспарына сәйкес онда жол қарастырылған. Болашақта онда ені 40 метр болатын Ұлықбек көшесін салу көзделіп отыр. Біз тек келесі жылы ғана жобалауға кіресеміз. Ол кезде әкімдік жер учаскесін халық игілігі үшін жекенің қолынан сатып алады", - дейді Наурызбай ауданы әкімі аппараты инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Жандос Тәкібаев.

Наурызбай ауданы әкімдігінің бөлім басшысы жолдың құрылысы алдағы екі жылда ғана жүзеге асуы мүмкін екенін айтты. Сондықтан, халыққа сабырлылық танытып күтуден басқа амал жоқ. Ал, дүйім ел басымыздағы базынамызды ешкім естімесе, митингке шығамыз деп отыр. Өйткені, осынша уақыт күтуге шыдамымыз жетпейді дейді халық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу