Жетісу облысында үшем дүниеге келді

992

Үшемдерді дүниеге әкелген Талдықорған қаласының 28 жастағы тұрғыны. Бұл – Жетісу облысы жаңадан құрылғаннан бері өмірге келген алғашқы үшем.  

Жетісу облысында үшем дүниеге келді Фото: Руслан Қадыров

Жас отбасының көптен күткен сәбилеріне қол жеткізуіне "Аңсаған сәби" бағдарламасы көмегін тигізген, деп жазады inbusiness.kz.

Жалпы "Аңсаған сәби" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ЭКО үшін өткен жылы өңірге 221 квота, ал осы жылдың басынан 217 квота бөлінген, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Талдықорғандық Самал Аманжолова мен Ернұр Дүмбергеновтердің шаңырағында – үлкен қуаныш. Биыл 10 қаңтарда олардың екі ұл, бір қызы мерзімінен бұрын дүниеге келді. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, ұл балалар 1800 - 1850 гр, қыз бала 1400 гр салмақпен туған. Дәрігерлер үшемдерді алдымен жансақтау бөлімінде тұрақты бақылауда ұстап, тиісті ем-шараларды жасап, кейін палатаға шығарып, күтіп-баптаған. Едәуір салмақ жинап, жағдайлары жақсарған үшемдер мен олардың анасын бүгін Талдықорғандағы перинаталдық орталықтағылар салтанатты рәсіммен үйлеріне шығарып салды.

"Үшемдер 30 апта 5 күн мерзімінде өмірге келді. Алғашқы күндері олардың жағдайы ауыр болды, үш күн арнайы аппаратта жатты. Балалардың денсаулығын бір айдан астам уақыт дәрігерлер бақылауда ұстады. Алғашында олардың салмағы 1400-1800 грамм шамасында болған. Бір ай көлемінде нәрестелер 400 грамға дейін салмақ қосты. Бүгінгі күні балалардың денсаулығы қалыпты", – дейді Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі, штаттан тыс неонатолог Данияр Расулов.

Жас жұбайлар сәбилеріне Зейнеп, Зейін және Зейнұр деген есім берді. Дүмбергеновтердің тұңғышы қазір 10 жаста. Сөйтіп жас отбасы көп балалы атанып отыр.

"Құдайдың қалауымен ЭКО-ның себепші болуымен көптен күткен сәбилеріміз өмірге келді. УЗИ арқылы үшем екенін білгенде таң қалдық әрі қуандық. Жүктілік кезеңі жақсы өтті. Дегенмен 7 айлық мерзімде қиындықтар туындап, дәрігерлердің мені кесарево тәсілімен жедел босандырып алуларына тура келді. Ота жасап, нәрестелеріміздің аман-есен өмірге келуіне еңбек сіңірген акушер-гинеколог Зейнегүл Бейсенғалиқызы Рахметоваға айтар алғысым шексіз. Ота үстеліне апарғанда қатты қорықтым, бірақ дәрігер маған бәрін түсіндіріп, көңілімді тыныштандырып, қорқынышымды жеңіуіме көмектесті. Жолдасым екеуміз ақ халатты абзал жанның құрметіне қызымыздың атын Зейнеп деп атадық, ұлдарымызға Зейін, Зейнұр деген есім бердік. Сонымен қатар дәрігер Раушан Жүсіпқызына да ризашылығымды білдіремін. Қан қысымым көтеріліп, денсаулығым сыр бергенде ем-дом жасап, "Самал, балалар үшін өзіңді мықты ұстауың керек" деп үнемі маған мотивация беріп отырды. Бүгін, міне, үйімізге барамыз. Бауырлары мен сіңлісін үйде 10 жастағы әпкесі асыға күтіп отыр", - дейді Самал Аманжолова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері үшемдерді шығарып салу рәсіміне арнайы барып, сәбилерге арналған жөргектер жиынтығын сыйға тартты.

Облыстық перинаталдық орталықтың босанудан кейінгі бөлімінің меңгерушісі Зейнегүл Бейсенғалиқызының айтуынша, бұл оның еңбек тәжірибесінде өмірге келген үшінші үшем.

Жалпы жыл басынан бері Жетісу облысында 977 бала өмірге келген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу