Жоғары аудиторлық палата субсидиялау жүйесінде кемшіліктерді анықтады

133

Аудиторлар субсидия алушы азаматтарға бағалау жүргізілмейді деп отыр.

Жоғары аудиторлық палата субсидиялау жүйесінде кемшіліктерді анықтады Фото: агробизнес Казахстан

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау жүйесінде кемшіліктер бар екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Субсидиялардың түрлері мен бағыттары үнемі өзгеріп отырады. Оларды ұсыну тетігі де іске асыру барысында өзгереді. 5 жылдың өзінде 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Ережелер жекелеген жағдайларда кешіктіріліп қабылданған. 5 жылдан астам уақыт өтсе де, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұлғайтуды субсидиялау жөніндегі ережелер әлі де жоқ. Бұл осы бастамалар ұсынылған уақытта субсидиялау тәсілдерінің пысықталмауы себебінен орын алып отыр.  Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жаңашылдықтарға бейімделуі қиын және мемлекеттік қолдау шараларына сенімсіздіктің туындауына әкеледі",  – деді Смайылов.

Субсидиялау көлемі артып келеді, алайда оларды тиімді пайдалану мәселесі шешілген жоқ, дейді аудиторлар.

"Субсидиялаудың нақты басымдықтары белгіленбеген. Бұл субсидия қаражатын көптеген бағытқа шашуға ықпал етеді. 17 бағыт бойынша 67 субсидия түрі бар, ал олардың әсері шамалы. Сонымен қатар нақты нысаналы индикаторлар айқындалмаған. Сарапшылардың бағалауы бойынша бағыттардың көптігіне байланысты субсидиялардың бірқатары 2 есе аз қаржыландырылады. Көп жағдайда субсидия алуға берілген өтінімдердің орындалуы 2 жылға дейін созылады",  – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейді. 

"Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге субсидия төленуіне әкеп соққан. 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес. Мұндай жағдайларда субсидиялаудың тиімділігі туралы айтудың өзі де қиын. Бұдан бөлек қарсы міндеттемелердің болмауы. Субсидия алушылардың көпшілігі мұндай қолдау шараларын түпкілікті нәтижеге көздемей, өздерінің шығындарын өтеу бойынша мемлекеттің міндеті ретінде бағалайды",  – деп атап өтті спикер.

Жоғары аудиторлық палата басшысы субсидияларды төлеу "әлеуметтік сипатқа" ие болғанын баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу