Жемқорлыққа тұнған осы бағыттағы былықтардың бетін ашқан Бас Прокуратура шенеуніктер мен мердігерлердің қитырқы әрекеттерін де әшкере етті. Құзырлы органның мәліметінше, шенділер белгілі бір фирмалармен ауыз жаласып, жол салу не жөндеу тапсырыстарын тек соларға ғана беріп келеді. Жалпы, прокурорлар анықтаған заңбұзушылықтардың саны 300-ден асады.
Жолдарды салу және жөндеу кезінде бюджет қаражатын жымқыру және сыбайлас жемқорлық фактілері өте көп. Яғни, жол құрылысы деген үлкен бәліштің бір тілімін шенеуніктер жейді, екіншісін мердігер жейді, ал қалған қиқымға сапасыз асфальт төселеді. Сөзіме Бас прокуратура тексерісінің нәтижелері дәлел.
Бақылаушы орган 300-ден астам заңбұзушылықты анықтап, 30 млрд теңге шығынның алдын алған. Сондай-ақ қазынаға 2,5 млрд теңге қайтарылған, 29 қылмыстық іс қозғалған, оған қоса 305 адам тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайына орынсыз жоспарлау, инновацияларды енжар енгізу, беріктігі жоғары материалдарға үнемдеу және т.б. ықпал етіп отыр", дейді ҚР Бас Прокуратурасы
Автожол салуда көбіне белгілі бір мердігерлер тапсырыс алып отырған. Бұл кең таралған схеманы бәріміз жақсы білеміз. ЗКТ-1: Әкімдермен немесе басқарма басшыларымен ауыз жаласқан фирмалар ең ірі тендерлерді ұтады. Бұл үшін, әрине, шенділерге откат береді. Өздері де құр қол қалмас үшін арзан материалдар алады. Жауаптылар жұмыс сапалы жасалған деп жалған әктілерге қол қоя салады. Нәтижесінде жол бір жылға да шыдас бермей, шұрық-тесік болып жатады. Жалпы, бұл бассыздықты тоқтатудың амалы бар ма деген сұрақты сарапшыға қойып көрдік.
"Оның себебі жергілікті жолдарда мамандардың жетіспеушілігі. Аудандық, ауылдық әкімшіліктерде жол саласының мамандары жоқ болғандықтан, құрылысқа қатысы жоқ мамандарды қызметке қояды. Олар қалай қабылдау керек, қандай сапа болуы керек екенін түсінбегеннен кейін көз жұмып қол қояды", дейді Қазақстан жолшылар қауымдастығының сарапшысы Ұлан Әліп.
Негізі бұл өте тиімді болар еді. Мәселен, елдегі барлық жолдарды "ҚазАвтоЖолдың" балансына неге бермеске?!
Сонда, жол сапасыз жөнделсе, кімнен сұрау керектігін білетін боламыз. Ал қазір әр жерде жемқорлар қалауынша қалталарын қампайтып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында Ғ.Мүсірепов ауданының шенділері мен жергілікті мердігерлік фирма басшылары қамауға алынды. Оларға жол жөндеуге бөлінген 423 млн теңгені жымқырды деген айып тағылды. Шенділер жұмыстарды қабылдау туралы жалған актілерге қол қойып, ақшаны ұйымға аударған, ал факті бойынша ешқандай жөндеу жүргізілмепті. Ал Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында жол жөнделген, бірақ мердігерге 148 млн теңге артық төленіпті. Яғни, жұмыс қасақана қымбатқа істелген. Бүгінде кінәлі лауазымды тұлғалар тиісті тәртіптік жазаға тартылған. Тексеріс нәтиджесі бойынша Бас прокуратура Үкіметке мынадай ұсыныс енгізіпті: шетелдік озық тәжірибеге негізделген көлік жолдары саласын түбегейлі өзгерту керек. Бақылаушы органның ұсынысын билік назарға ала ма, жоқ па көре жатармыз.