Жолдау: референдум, екі министрлік құру, бюджет реформасы

483

Мемлекет басшысы халыққа осымен алтыншы жолдауын жолдады.

Жолдау: референдум, екі министрлік құру, бюджет реформасы

Оның негізгі бөлігі экономикаға бағытталды. Десе де Тоқаев бұл жолы бірқатар саяси шешім де қабылдады. Бұлар -  референдум өткізу, министрліктер құру, әкімдер сайлауы, бюджеттік реформа. Әлбетте, осының бәрін ұйымдастыру, сайып келгенде, қаражатқа тіреледі.

Атом электр станциясын салу көптің талқысында жүрген шаруа. Бірі салуға қарсы. Өзгесі құрылысқа ресейдің араласуын құптамайды. Тағысын тағы. Осыдан кейін жалпыхалықтық дауысқа салуды халық талап етіп жүрді. Бірақ Энергетика министрі қажеті жоқ деп кес кестей берді. Алайда Тоқаев халыққа берген уәдеден ары аса алмаймын деді. Осылайша аэс-ті салу, салмау мәселесінде референдумға жүгінбекпіз. 

"Біз маңызды стратегиялық мәселелрге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Нақты мерзімін кейінрек анықтаймыз", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы рет Қазақстан референдумды 2022 жылы өткізді. Оған 16 млрд теңге қаражат жұмсалды. Алайда бұл жолы одан аз болуы мүмкін. Мұндай мәліметті Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев айтты. Бастысы қанша болса да науқанды өткізуге ақша бар.

"Үкіметтің резерінде сондай бір жағдайларға көздеоген ақшалар бар. Одан аз болатын шығар. Цифровизация деп президент айтты. Басқаша тәсілдер болатын шығар", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев.

Ал екі министрлікті құруға қосымша қаражат қажет емес. Су және көлік ведомствосы қазіргі бағынысты органнан бөлінсе болғаны. Өз алдарына дербес әрі дер кезінде шешім қабылдайтын министрлік қажет-ақ. Мұндай қадамға баруға ушыққан мәселе итермелеп отыр. Қазір суға мұқтажбыз. Үнемдеу үшін технология, білікті маман, әрі азаматтардың мәдениетін қалыптастыру қажет. Жалпы реформа керек. Бұдан басқа Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жолайырықта орналасқан. Біз арқылы Еуропаға не Қытайға тасымалданатын тауар көлемі едәуір ұлғайып келеді. Темір, авто және теңіз жолдарын жетілдіру қажет. Тоқаев мұны да бөлек ведомство шешеді деген тоқтамға келді.

"Уақыт өте келе көлік логисика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Көлік логистикасын қарқынды дамыту бұл стартагеялық міндет. Үш жыл ішінде оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 9 пайызға жетуі тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару қажет. Ол үшін көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымн салумен де айналысады", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек елімізде үш шетелдік банктің филиалы ашылады. Қазір бізде 21 банк бар. Десе де бәсекелестікті күшейту қажет. Несие беретін, жобаларды қаржыландыратын қаржы ұйымдары артық болмайды деді Тоқаев. Бірақ бұдан кредит арзандайды деп айту екіталай. 

"Жаңа банк келген күннің өзінде, ол елдегі базалық ставкаға, экономикадағы ақша құнына сүйенеді. Шетелдік банк келіп, өз өнімін басқа ставкамен ұсынады деп күту дұрыс емес. Бұл олай жұмыс істемейді. Қандай жағдай болса да олар базалық ставкаға назар аударады", - деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Тағы бір саяси шешім. Сайлау науқаны жалғасады. Енді аудан және қала әкімдерін халқы таңдайды. Сондай-ақ өз мәселелерін өзі шешеді. Яғни бюджетті басқару құқығы да сол аудан әкімдеріне беріледі. Жалпы бюджет саясатында ауқымды реформа жүреді. Тәсіл өзгереді. Бұрынғыдай қаражат игерілді не игерілмеді деген әңгіме болмайды. Енді министрлер мен әкімдер тек жұмыстың нәтижесі бойынша есеп береді. Тоқаев Үкіметке сол "бөлшектенген бюджет" жобасын әлден сынап көруді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу