"Ұлттық бірыңғай тестілеудің енгізілгеніне біраз жыл болды. Оны жақтайтындар да бар, сын пікір айтатындар да аз емес. Бұған қатысты көпшілік көтеріп жүрген бірнеше проблема бар. Соның ішінде – ҰБТ балаларды үлкен күйзеліске әкеледі деген пікір. ҰБТ-ның кесірінен балалар психикалық тұрғыда зардап шегеді деген әртүрлі сөздер болды. Екіншіден, бұл жүйе ашық әрі жария емес деген де сын айтылады. Сондықтан біздің алдымыздағы мақсат – осы проблемаларды шешу", - деді Асхат Аймағамбетов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінде берген сұхбатында.
Жалпы биылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеудің мүлде жаңа форматы енгізілгені белгілі.
"Ішкі мазмұнға келер болсақ, ол бұрынғыдай қалды. Тест биылдан бастап электронды форматта өткізіліп жатыр. Яғни әр балаға бөлек компьютер бөлінеді. Ол компьютердің үстінде қадағалап тұратын бейнекамерасы бар. Одан кейін жалпы залға да бейнекамера орнатылған. Жалпы осы болып жатқан тест барысын тікелей трансляция арқылы ата-аналары да, бүкіл қоғам қарап тұратындай жағдай жасалды", - дейді министр.
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұрын 7 күннің ішінде 120 мың бала Ұлттық бірыңғай тестті тапсырса, қазір олардың алдында 2-3 ай бар. Яғни олар асықпай, емін-еркін қай жерде тапсырғысы келсе – өз шешімі. Мысалы, Алматыда тұратын түлек Қарағандыға немесе Павлодарға кетіп қалып, тест тапсыруына болады.
"Ең бастысы, тестілеу кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуіміз керек. 2020 жылды да ҰБТ барысына қатал тәртіп енгізген болатынбыз. 2019 жылы тест кезінде 117 мың баланың 128 мың телефон табылды. Олардың тек 24-нің ғана нәтижелері жойылған еді. Ал 2020 жылы біз 122 мың баланың 2,5 мың ғана телефон табылды. Бірақ сол 2,5 мың баланың бәрінің нәтижесін жойдық. Бұл да өз септігін тигізді. Соның арқасында балалар академиялық адалдық қағидаларын сақтауға тырысуда. Біздің айтарымыз – бақылау өте қатаң. Жүйені алдаймын деп, кесірі өздеріңізге тимесін дегім келеді", - деп түйді министр.
Аян Бекенұлы