Жүк тасымалдаушыларға берілетін рұқсат қағазды сатқан – министрлік

343

Бұл тауар қозғалысын шектейді.

Жүк тасымалдаушыларға берілетін рұқсат қағазды сатқан – министрлік Фото: Inbusiness.kz

Бүгін Беларусь елі қазақстандық тасымалдаушыларды Еуропаға өткізбей жатқанына төрт күннен асты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Осы уақытқа дейін айқайлап айтып келген "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер өзара тауарды кедергісіз тасымалдайды" дегеніміз қайда қалды? Оның үстіне, отандық тауар тасымалдаушылар халықаралық рейстерге берілетін рұқсат қағазды сатуға көшіпті. Министрлік бұған не дейді? Мәселе қалай шешіліп жатыр?

8 қаңтардан бері Беларусь шекарасында қаңтарылып тұрған отандық жүк көліктері туралы еліміздің Сауда және интеграция министрлігі хабардар. Арман Шаққалиев мәселе бақылауда, әріптестерімізбен талқылап жатырмыз, деді. Тіпті, жағдайды техникалық кедергі, деп бағалады. Министр мәселе шешілмесе, комиссия қарауына енгізуге бекініп отыр.

"Бұл Еуразиялық экономикалық одақтың интеграция шарттарына сәйкес келмейді. Бірақ біздің әріптестер (Беларусь тарапы  ред.) бұл қауіпсіздік мәселелері деп отыр. Шарттың 29-бабында ондай негіздеме бар екенін айтып отыр. Бірақ бұл мәселені біз басқаша қараймыз. Бұл тауар қозғалысын шектейді. Мәселені тиісті деңгейде реттей алмасақ, ресми түрде комиссия қарауына кедергі ретінде енгіземіз", - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Беларусьты қоя тұрып, ел ішінде де жүк тасымалдаушылардың шешілмеген мәселесі шаш етектен. Нарықта осы уақытқа дейін жұмыс істеп келе жатқан ірі компанияларға барлық жағдай жасалған. Ал, енді ғана ісін бастағандарға мүмкіндік жоқ. Жүк тасымалдаушылар осылай дейді.

"Мәселен, компанияға халықаралық рұқсат қағазы өткен жылы шетелге қанша рет жүк тасымалдады, сол бойынша ғана беріледі. Ал, мүлдем шықпаған болса ше? Олар қайтеді? Тіпті, ірі компаниялар 1 жылда барлық рұқсат қағазын пайдаланып үлгермейді. Тиісінше, оны үстіне ақы қосып, сататындар да бар", - дейді Жүк тасымалдаушы компания өкілі Зухра Жанбакиева.    

Бұл мәселеден Көлік министрлігі де хабардар болып шықты. Жылына 200 мың төңірегінде 42 елдің шекарасын кедергісіз кесіп өтуге бланк беріледі екен. Бірақ, оның 40 пайызға жуығы қолданылмайды. Енді бұл олқылықты жою үшін жаңа тәртіп орнатпақшы.

"Егер сіздің көлік құралыңыз, жүкке тапсырысыңыз болатын болса, сол факт негізінде сізге рұқсат құжат береді. Бәріне ортақ жағдай жасалынады. Ашық бәсекелестік. Бұл жүйені жарты жылдан кейін енгіземіз. Бірақ, бұны алдын ала қоғамдық талқылау жасап алғымыз келіп тұр", - дейді ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Селім Қуанышұлы.

Яғни, енді рұқсат қағазы тек шекарада беріледі. Бұл жүйе өткен жылдың 8 айында Қазақстан-Қытай шекарасында сәтті тестілеуден өтті. Мәселен, бұған дейін 50 мың ғана бланк қолданылып келсе, енді ол 113 мыңға өскен. Жауаптылар осының арқасында бәсекелестік артып, бөле-жару болмайды деп сендірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу