Жұрт бір айдан бері жарықсыз отыр

560

Таразда 1000-ға жуық үй 1 айдан бері жарықсыз отыр. Қақаған қыста қараңғыда қалған қараша жаңа жылды да жарықсыз қарсы алмақ.

Жұрт бір айдан бері жарықсыз отыр Фото: azattyq-ruhy.kz

Сорақысы сол, электр қуатының жоқтығынан, жылу мен су да өшкен. Ал әкімдік пен жарыққа жауапты тарап ақаудың қайдан шыққанын білмей дал.  

Ұнжырғасы түскен тұрғындар үндеуі осы. Өйткені 1 айдан бері шаһардың шалғайдағы 3 бірдей алқабы тұтас жарықсыз қалған. 1000-нан аса түтін саны бар иіндерде таңнан қара кешке дейін жарық жоқ. Таңғы 9-да сөнеді, кешкі 5-6-да қайта жанады. Мұнысы несі? деген мұқым ел "күніміз түнге", "түніміз күнге" айналды дейді. 

"Ауырып жатырмыз, үй суық. Ештеңе пісіре алмаймыз. Жарық жанғанда қуанамыз. Үйімізді жылыта алмай отырмыз", дейді Тараз қаласының тұрғыны Роза Қозбағарова. 

Қараңғыда күн кешкен қараша әбден қиналып біттік дейді. Жарықтың жоқтығы, кәсіпкерлер қалтасын қағып жатыр. Өйткені талай тауар бүлініп жатыр. Сорақысы тұрғын үйлердегі тұрмыстық техника да күйіп жатыр.

"Юбилейное", "Победа" және "Дорожник" алқаптары қала құрамына 2011-ші жылы кірген. Бұған дейін Жамбыл ауданына қараған. Ал тоқ көзін әлі күнге дейін "Қазфосфаттан" алады. 

Кеңестік кезде жұмысшылар жайғасқан аудан болған соң, жүйе содан қалып кеткен. Ел, зауыттың жыл соңындағы үнемдеу амалы ма деп күдіктенеді.  

Қызығы қуат көзін тарататын "Қазфосфат" тарапы да ақаудың неден болғанын өздері де анықтай алмай жатыр екен. Тіпті  жұрт ішінде жасырын біреу жарықты жымқырып жүр деген күдігін де жасырмады. 

Ал әкімдік алқаптарды қаланың тоқ көзіне жалғау ісі былтыр басталды дейді. Жоспарға сай бұл маңайда 3 электр тарату станциясы салынуы тиіс. Ол үшін облыстық энергетика басқармасы жобалық-сметалық құжат әзірлеуі қажет. 

"Осы проекттер экспертизаға кірді. Экспертизадан шыққаннан кейін, біз республикаға бюджеттен ақша бөлуге өтінім береміз", дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев. 

Ал тоқ майнинг фирмалардың майшелпегі болуы мүмкін деген зауыттың бас энергетигі енді алқаптағы әрбір трансформаторды жеке-дара тексермек. Мәселенің шешім жолы әзірге осы екен. Ал жуық арада жарық берілмесе, 5000-нан астам жұрт жауаптылардың қыр-соңынан қалмаймыз деп бекініп отыр. 

Нұрлан Асқар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу