Аталған заң қабылданса, шекара маңындағы аудандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сайыровтың сөзінше, шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдау бастамасын жан-жақты қарастыруды Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда тапсырған.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Үкіметке депутаттармен бірге "AMANAT" партиясы ұсынған шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдау бастамасын жан-жақты қарастыруды тапсырды. Бұл – өте маңызды міндет. Өйткені, мемлекеттік шекара – ел тәуелсіздігі мен егемендігінің басты белгісі. Оны көздің қарашығындай қорғау, бабадан қалған ұлан байтақ жерімізді басы бүтін келер ұрпаққа аманаттау – ортақ парызымыз. Бұл ретте, Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтауда шекаралық аудандардың стратегиялық маңызы зор. Қазіргі таңда Қазақстанның 14 облысы көршілес 5 елмен (Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан) шектеседі. Шекаралық аймақтарда 65 аудан бар. Онда 3,5 млн адам тұрады. Ал шекараның түбінде, яғни шекарадан 50 шақырымдық аралықта 1,7 млн халық тұратын 1 283 елді мекен орналасқан, – деді ол.
Депутат кезінде жүргізілген аудандарды біріктіру, климаттың қолайсыздығы, жұмыссыздық, көлік қатынасының нашарлығы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның тозуы секілді себептерден бүгінде 65 шекара маңындағы ауданның 40-ында халық саны азайып кеткенін айтады. Әсіресе, бұл жағдай Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында анық байқалған.
Сондықтан да, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында Қатон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы аудандарының ашылуы өте орынды іс болды. Сонымен бірге, Президенттің тапсырмасына сәйкес, осы кезге дейін дайындалған өңірлерді дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік стратегиялық құжаттар мен бағдарламаларда да шекаралық аумақтарға қолдау көрсету шаралары қамтылған.
– Дегенмен, осы құжаттарда қарастырылған шекаралық елді мекендерге берілуі тиіс жеңілдіктер әлі де іс жүзіне аспады. Бұл шекаралық аудандарға қатысты көзделген мемлекеттік қолдау тетіктерінің түрлі нормативтік актілерде шашырап кетуіне, оларды үйлестіретін жауапты уәкілетті органның бекітілмеуіне, мемлекеттік субсидияларды бөлуде және ұлттық жобаларды іске асыруда белгілі бір санаттарға нақты басымдықтардың белгіленбеуіне байланысты болып отыр. Соның салдарынан шекаралық аудандардағы бірқатар елді мекеннен тұрғындардың жаппай көшуі толастамай тұр. Бұл өз кезегінде шекара маңындағы аумақтардың бос қалып, ұлттық әрі аумақтық қауіпсіздіктің әлсіреуіне алып келуде. "Бос жатқан жер жау шақырады" деген. Сондықтан бұл маңызды мәселеге жіті назар аударып, оны тиімді шешу жолдарын шұғыл қарастырғанымыз жөн, – деп қоса кетті Е.Сайыров.
Еліміздің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралық аудандарда халықтың тұрақтауын ынталандыру, ішкі көші-қонды реттеу және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану үшін шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беруді көздейтін "Қазақстан Республикасының шекаралық аумақтарын дамыту туралы" арнайы заң қабылдау – өте маңызды.
– Бұл заң қабылданса, ел аумағын тиімді пайдалануға, шекаралық аудандарды мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге түсіруге, халықтың шекаралық аумақтарда тұрақтануына, өңірдің дамуына және аумақтық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге зор серпін береді. Осы ретте, "AMANAT" партиясы жақын арада Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған заң жобасын дайындап, ұсынатынын мәлімдейміз, – деп сөзін қорытындылады депутат.