Жыл басынан балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты 2 435 бұзушылық анықталған

586

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі медиадағы балалар тақырыбы этикасы жөнінде арнайы ұсыным жариялады.

Жыл басынан балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты 2 435 бұзушылық анықталған

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі медиадағы балалар тақырыбы этикасы жөнінде арнайы ұсыным жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz. Бұл туралы АҚДМ ұйымдастырған "Медиа этикасы мен балалардың құқықтарын қорғау" атты дөңгелек үстелде айтылды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: "Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңесте әйелдер мен балалардың құқығын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыдан күшейтуді, отбасы құндылықтарын насихаттауға баса назар аударуды тапсырғаны белгілі. Бүгінде бала құқығын қорғау – мәселесі өте өзекті. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында бала құқығының сақталуына ерекше мән беруге тиіспіз", - деді.

Сондай-ақ министр бұл мәселеде ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымының бала құқығы туралы конвенциясы назарға алынатыны және министрлік әзірлеген ұсыным жиналған сарапшылардың ой-пікірімен толықтылылып, елдегі бүкіл ақпарат құралдарына таратылатын айтты.

Айта кету керек, 2023 жылдың басынан бері ақпарат құралдарында балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты бұзушылықтар бойынша 2 435 бұзушылық анықталған.
Министрдің сөзінше, әлемнің көптеген елінде кәмелетке толмаған зорлық-зомбылық құрбандары туралы ақпарат таратуға заңмен тыйым салынған.

"Өкінішке қарай, ақпарат құралдарында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық және суицид тақырыбына арналған материалдардың таралуына жиі жол беріледі. Бұл – этикалық қағидаларды ғана емес, заң талаптарын да бұзу. Осылайша, "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Заңға сәйкес, адамның жеке және биометриялық деректерін, оның ішінде оның ата-анасы және өзге де заңды өкілдері туралы мәліметтерді, жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді, зардап шеккен бала туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында таратуға тыйым салынады. Біз мұны ұдайы естен шығармауымыз керек", - деді Д.Қыдырәлі.

Жиында Қазақстандағы ЮНИСЕФ басшысының орынбасары Летисия Баззия-Вэйл, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы - Насымжан Оспанова, "БҰҰ-әйелдер" ұйымы Ұлттық комиссияның мүшесі Динара Құсайын, журналист, PhD доктор, Ясауи университетінің профессоры Молдияр Ергебеков, Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, халықаралық ұйым өкілдері мен медиа сарапшылар сөз сөйледі. Қорытындыда ортақ ұсыным бекітілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу