Жыл басынан бері Маңғыстауда интернет-алаяқтық бойынша 76 іс қозғалған

119

Биыл облыста жалпы саны 130-ға жуық қылмыс тіркеліп, соның 76-сы бойынша іс сотқа жолданған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жыл басынан бері Маңғыстауда интернет-алаяқтық бойынша 76 іс қозғалған Фото: egemen.kz

Қазір тұрғындарды алдау үшін жиі қолданылатын тәсілдер – "Қазпоштадан сәлемдеме келді", "SIM-картаны жаңарту керек" немесе "Медициналық тіркеуден өтіңіз" деген хабарламалар жіберіп немесе қоңырау шалу екен. Сол арқылы алаяқтар құпия кодты сұрап, жәбірленушінің атына несие рәсімдейді.

"Алаяқтар өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, несиені "қауіпсіз шотқа" аударуды сұрайды. Сонымен қатар, тұрғындар ақшасын екі есе көбейтеміз деп түрлі интернет жобаларға қатысып, алданып қалып жатады. Kolesa, OLX сынды платформаларда жалған жарнамалар арқылы алдын ала төлем жасап, жеке деректерін беріп, алдану жағдайлары жиі кездеседі. Бұдан бөлек, WhatsApp, Telegram арқылы танысының атынан қарыз сұрап, сенімге кіріп алдау да белең алып тұр", - дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов.

Оның айтуынша, жеке деректерді азаматтар ешкімге бермегені жөн. Банк картасының нөмері, PIN-код, SMS арқылы келген құпия сөздер қаржылық қауіпсіздікті бұзады. Күмәнді сілтемелер мен қосымшалардан аулақ болған абзал. Белгісіз сайттарға банк деректерін енгізбеңіз.

"Күдікті қоңырауларға сенбеңіз. Банк, полиция немесе басқа органдар сізге қоңырау шалып, шотыңыздағы қаражат туралы сұрамайды. Алдын ала төлем жасамаңыз. Интернет арқылы тауар сатып алғанда, сатушының сенімді екеніне көз жеткізіңіз. Күмәнді қаржылық ұсыныстардан бас тартыңыз! Алаяқтардың құрбаны болмаңыз", - дейді Ілияс Жұмағұлов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу