Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының директорлар кеңесі өтті. Осы отырыста директорлар кеңесі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ басқарма төрағалығына Абылайхан Оспановты бірауыздан сайлады, деп хабарлайды ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметі.
Абылайхан Оспанов еңбек қызметін "Жасыл ел" жастар еңбек жасағының республикалық штабында бастаған, кейін жеке компанияларда жұмыс істеген, жоба менеджерінен бастап жобаларды басқару бөлімінің бастығына дейін қызмет атқарды.
2011 жылы ҚР Ішкі істер министрлігіне мемлекеттік қызметке ауысты. Техникалық қызмет департаментінің аға инженері лауазымында қызмет атқарды, ІІМ-де ІТ-жобаларды дамытуды үйлестірумен айналысты. Полиция лейтенанты атағы берілді.
Сондай-ақ, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары, Көлік және коммуникациялар министрлігі Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған.
2014 жылы Электрондық қызмет және халыққа қызмет көрсету орталығын дамыту департаменті болып тағайындалды. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру және рұқсат құжаттар мәселелерімен айналысты, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы", "Рұқсат құжаттар және хабарламалар туралы" заң жобаларын әзірлеуге қатысты. Сонымен бірге, "ХҚКО" ақпараттық жүйесін, электрондық үкіметті дамытумен және мобильді үкіметті ендірумен айналысты.
2015 жылы "Нұр Отан" партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі болып тағайындалды.
2016 жылғы сәуірде "Алматы қаласын дамыту орталығы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.