Апат айтып келмейді дейді халқымыз. Алайда сол апаттың алдын ала алмағанымызбен, соңында қалған ауыртпалығын бірге көтерісіп, жүгін жеңілдетуге бүгінгі таңда кез келген жанның мүмкіндігі бар екені сөзсіз. Тіпті сонау шалғай аймақта жатып-ақ, есепшот арқылы жылу сыйлап, жанашырлық танытуға болады. Бастысы – табиғат апатынан тұралап қалған қандастарымыздың жағдайына бей-жай қарамай, қайғысын жеңілдетсем деген ізгі ниет болса болғаны...
Осы орайда Республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің жамағаты ізгілікке үн қосып, қайырымдылық танытуда ерекше белсенділік танытып, жанашырлықтың жарқын үлгісін танытты. Осыдан бір апта бұрын ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, "Әзірет Сұлтан" мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бастамасымен су тасқынынан зардап шеккендерге жәрдем көрсету мақсатында "Біз сіздермен біргеміз" атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, игі шара басталған болатын. Бас имам бастамасын мешіт жамағаты қызу қолдап, алыстағы ағайынға жәрдемін жеткізуге айрықша ықылас білдірген еді.
Кеше қайырымдылық акциясының қабылдау мерзімі аяқталып, "Әзірет Сұлтан" мешітінің бірінші наиб имамы Қуат Ерғалиұлы бастаған топ Сандықтау ауданының орталығы Балхашино ауылына жамағат жәрдемін жеткізіп қайтты. Тосын апаттан тұралап қалған ауыл тұрғындарымен кездесіп, жанашыр жұрттың сәлемін жеткізген ұжымға тұрғындар да ризашылығын білдіріп, көңілдерін бір демеді. Баспанасынан айрылып, басқа түскен тауқыметтен есеңгіреп қалған ауыл тұрғындарына материалдық қана емес, рухани қолдау да танытып, жаралы көңілдеріне жұбаныш ұялатып қайтты.
Жалпы салмағы 7,5 тонна гуманитарлық жәрдем арнайы түзілген тізім бойынша ауыл тұрғындарына таратылып, әкімшілік қарамағына табысталды. Айта кетейік, осы акция аясында жалпы құны 2118000 теңге қайырымдылық жасалды.