"Билайн" атауын өзгертуді көздеуде

957

"Билайн" атауын өзгертуді көздеуде

"Билайн" брендінің қожайыны болып табылатын ресейлік Vimpelcom телекоммуникациялық компаниясы оның атауын VEON деп өзгертуді ойға алып отыр, деп жазады Би-би-си.

Компанияның ресми ақпаратында айтылғандай, осы жылдың  30 наурызында өтуге тиіс кезектен тыс жиында  акционерлер мақұлдайтын болса, онда атауын өзгертпекші.

"Қазіргі компания  24 ай бұрын болған компания емес, қазір ол ескірген телекоммуникациялық бизнестен VEON технологиялық компания ретінде  трансформацияланып жатыр", – делінген хабарламада.

Vimpelcom бұл шешімін  осы жылдың соңында бірқатар елде VEON интернет-платформаларды іске қосатындығымен түсіндіреді.  Айтуларынша,  дәл осындай платформа  өткен жылдың соңында Италияда сәтті жүзеге асқан.

Былтырғы қарашада "Рейтер" агенттігі Vimpelcom-ға тиесілі италиялық Wind операторы мен  гонконгтық Hutchison бірлесіп өзінің клиенттері үшін VEON  деп аталатын тегін мессенджерді іске қосқанын хабарлаған болатын.  Ол өзге де танымал мессенджерлер секілді жұмыс істейді, бірақ қолданушылар операторға трафик үшін ақы төлемейді.

Компания өкілдері Амстердамдағы Euronext биржасында қайталама листинг жүргізуді көздеп отырғанын хабарлады. Компанияның штаб-пәтері де осы қалада орналасқанын айта кеткен жөн.  Компания, егер акционерлер бекітетін болса, онда VEON тикерімен сауда жасайтын болады.

Компанияның ресми хабарламасында өзгерісті оның құрылымымен де байланыстырған.

"Компания айтарлықтай қайта құрылып, бірнеше жылдық құлдыраудан кейін өсім көрсете бастады", – делінген хабарламада.

2016 жылдың қорытындысы бойынша компания бір акция үшін  23 цент деңгейінде дивидент төлейді.  Бұл компанияның жобалар қоржынындағы өзгерістермен байланысты.

Төртінші тоқсанда Vimpelcom-ның түсімі 2,5%-ға, 2,3 млрд долларға дейін өсті.  Негізгі өткізу нарығы Ресей болып отыр, ондағы түсім  1,1 млрд долларды құрайды.

Компания Ресей, Қазақстан, Италия, Пәкістан, Алжир, Бангладеш, Украина және Өзбекстанда жұмыс істейді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу