Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде басталған "Бір белдеу, бір жол" атты халықаралық ынтымақтастық форумының ашылу рәсiмiне қатысты. Форумның басты мақсаты ынтымақтастықты жандандыру бағыттарын талқылау, өзара тәжірибе алмасу. Екі күн бойына әлемнің 29 елі мен ірі халықаралық ұйым өкілдері сауда-экономикалық ынтымақтастық, өнеркәсіптік инвестициялар, энергетика, қаржылық қолдау, қоршаған ортаны қорғау сияқты маңызды мәселелерді қаралатын болады. Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Тараптар өңірлік қауіпсіздік пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді талқылады. Бұл форум биылғы жылдың ең басты оқиғаларының бірі болары анық деген Елбасы : "Бір белдеу, бір жол" идеясы өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықтың ғана емес, сонымен бірге түрлі құрлық елдері арасындағы өзара іс-қимылдың көрінісі екенін атап өтті. Өз кезегінде Қытай көшбасшысы Қазақстанға ресми сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына қатысуға дайын екенін айтты. Айта кетейік, осы форум аясында Қазақстан-Қытай арасында бірнеше келісім-шарттарға қол қойылды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
"Бір белдеу, бір жол" – жаңа парадигма, жаңа деңгейдегі ынтымақтастық жүйесі. Бұл белдеу жер шары тұрғындарының 45%-ын құрайтын 60-тан астам елді қамтып отыр. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық үлгі аларлықтай болды. Басқа елдер бізден үйрене алады.